22 қар, 2016 сағат 12:47

Сот реформасының түпкі мақсаты – адалдық, кәсібилік және әділдік

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезі өтіп, онда Ұлт жоспарын жүзеге асырудың нәтижелері мен судьялардың соңғы құрылтайында алға қойған міндеттердің орындалуы және сот жүйесін одан әрі дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

Төрт жылда бір рет ұйымдас­ты­ры­латын мұндай маңызды жиынға елі­міздің әр өңірінде сот саласында қыз­мет ететін 600-ден астам делегат пен әлемнің 11 елінен сарапшылар, су­дьялар корпусының өкілдері келді. Айтулы жиынға Парламент депутат­тары, орталық мемлекеттік орган­дардың жетекшілері, заңгерлер қауым­дастығының, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда түбегейлі жаңа өзгерістерге сай келетін заманауи сот жүйесі қалыптасқанына ерекше тоқталып, сөз сөйледі.

Біз Тәуелсіздік жылдары мемлекет құра отырып, Қазақстанда жүргізілген іргелі реформаларға сай қазіргі заман­ғы сот жүйесін қалыптастыруға ай­рық­ша көңіл бөлдік. Мұнсыз алға қа­рай шынайы жылжу болмайды. Атап өт­кенімдей, аз нәрсе жасалған жоқ. Алай­да, біз атқарған орасан жұмысты жұрт­шылықтың оң бағалауы, тұтастай ал­ғанда, сот қаншалық жылдам және ең бас­тысы, әділ болатындығына байла­ныс­ты, деп бастады өзінің сөзін Елбасы.

Мемлекет басшысы айтып өт­кен­дей, адамдар өз мәселелерін шешу үшін айлап-жылдап билік дәліз­дерінде жүгіруге тиіс емес. Заң бұзыл­ған жағдайда адам сотқа баруы тиіс және сол жерде өз құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына сенімді болуы керек. Барлық өрке­ниетті әлемде осылай. Демек, кез келген нағыз сот реформасының түпкі мақ­саты – судьялардың адалдығы мен кә­сібилігі, әділдік және әділ сотқа қол­жетімділік болып саналатын тәуелсіз және сатылмайтын сот билігі.

Мен жариялаған, құқық қор­ғау органдары мен соттардың проб­лемаларының бүкіл қырын қамтитын Ұлт жоспары дәл осы міндеттер ау­қымын шешуге бағытталған. Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін екі жылда аз шаруа атқарылған жоқ, соның ішінде мемлекеттің қылмыспен күрестегі мүмкіндіктері күшейтілді, азаматтар мен мемлекет мүдделерінің құқыққа қарсы әрекеттерден қорғалу деңгейі өсті. Былтыр Парламенттің белсенді жұмыс істеуінің нәтижесінде нормативтік-құқықтық база қалып­тастырдық. Ұлт жоспарының орындалуын қамтамасыз ететін ондаған заң қабылданды. Бұл заңдар 2016 жыл­ғы 1 қаңтардан іске қосылды. Енді­гі әңгіме не істелгені жөнінде, деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы бар­лық 100 қадам мүлтіксіз орындалуы тиістігін қадап айтты.

21-11-07Құқық қорғау органдарында кадр жөніндегі жұмыс жетілдіріліп жатыр. Құқық қорғау құрылымдары қыз­меткерлерін іріктеу жүйесі біліктілік негізінде жақсартылуда. Жергілікті по­лиция қызметі құрылып, жұмыс істеу­де, ол жергілікті билік органы мен жергілікті қоғамдастыққа есепті. Полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғам­дық кеңестер құрылды, олар поли­цей­лер­дің этикалық нормаларды бұзатын әре­кеттеріне қатысты шағымдарды қарай­ды. Жұртшылыққа полиция жұмы­сының тиімділігін бағалауға мүм­кіндік беретін «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интер­нет-порталы іске қосылды. Қылмыс­тық жазаны орындау жүйесі жаңғыр­тылуда. Бас бостандығынан айыру орын­дарынан босап шыққан азаматтар­ды әлеуметтік сауықтырудың жаңа жүйесі түзілуде, деді Мемлекет басшысы.

Елбасының айтуынша, осы жұ­мыс­тардың басты буыны сот билігі болып саналады, оны жаңғыртпайынша қалған шараның бәрі іске аспауы мүмкін. Сол себепті, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында сот жүйесі түбегейлі жаңаруы тиіс, деді Президент. Басталған жаңғыртулар аясында қазірдің өзінде біраз жұмыс атқарылған. Мәселен, сот жүйесінің көпсатылығы жойылды. Ол оңтайлы әрі азаматтар үшін мейлінше қолжетімді бола түсті, сот ісіндегі әуре-сарсаң тудыратын жағдайлар түзетілді, сот төрелігі жедел әрі ашық бола бастады.

Мемлекет басшысының айтуынша, сот төрелігінің сапасын арттыру үшін соттарды мамандандыру әрі қарай жалғастырылуда. Инвестициялық дау­лар жөніндегі сот өндірісі енгізілді.

IT-технологиялар негізінде барлық жерде сот барысының бейне және үн жазбасы жасалады. Бұл адамдардың сенімін ұлғайтады.

Елбасы бұдан әрі «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрып жатқанымызға, онда Англия құқығы, сондай-ақ әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттары қолданылатынына тоқталды. Орталықтың қатысушылары ара­сындағы дауларды шешу ісі мем­лекеттік сот өндірісі жүйесіне кір­мейтін тәуелсіз сот пен Халық­аралық арбитраж орталығы арқы­лы жүзеге асырылады, деген Пре­зидент алқа билер сотын қолдану аясы кеңейгенін айтты.

Судьяларды кадрлық іріктеу жүйесін жаңғырту аясында Жо­ғары Сот Кеңесі реформала­нып, дербес мекемеге айналды, құра­мы мен өкілеттігі кеңейді. Судья­ларға қойылатын талаптар барын­ша қатайтылды. Дайын­дығы нашар тұлғалардың судья­лар корпусына еніп кету ықтимал­дығын болдыр­майтын жүйелі ша­ралар қабыл­данды. 2016 жылы су­дьялар­дың кәсіби деңгейін анық­тауға мүм­кіндік беретін баға­лау жүйесі қолда­нысқа енгізілді, деп атап өткен Елбасы съезде судья­лардың мінез-құ­лқының жоғары стандарттары қарастырылған жаңа Этика кодексін қабылдау маңызды оқиға болатынын айтты.

Заңды күшіне енген сот ше­ші­мінің тиісінше орындалуы өте маңызды. Сондықтан да Ұлт жос­парын жүзеге асыру аясында жеке сот орындаушылары институты ны­ғайтылуда. Осылайша, соттың не­гізгі құқық қорғау институты ре­тіндегі мүмкіндіктері жүйелі түрде өсіп келеді. Біз Жоғарғы соттың құ­ра­мын айтарлықтай ұлғайттық, онда елдегі ең үздік сот кадрлары шо­ғырланды. Енді соттар өздерінің биік әрі жауапты миссиясын орындау үшін барлық құқықтық құрал­дар мен мүмкіндіктерге ие. Енді тек қоғам үмітін ақтау қалды, ал ол өте жоғары. Адамдардың баға­сы сот жүйесінің жетістігін анықтайтын басты өлшем болып саналады, деді Президент.

Дегенмен, Елбасының айтып өткеніндей, әсіресе, кейбір судьялар құқық бұзуға жол берген кездері.азаматтар тарапынан алаң­даушылыққа себеп те жоқ емес. Тек биылдың өзінде 32 судья тәр­тіптік жазаға тартылса, тағы екеуі келеңсіз себептерге байланысты лауазымынан босатылған. Мүмкін, бұл бұрынғыдан аз шығар, бірақ қалай болғанда да, бізді тыныштандыра алмайды. Сот жүйесінде мұндай болмауы тиіс, деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Өкінішке қарай, біздің азаматтарымыз іс жүзінде әділеттілік іздеп жоғары сот инстанциясына немесе прокуратураға шағымдануға мәжбүр. Үстіміздегі жылы тек про­ку­ратураның наразылығы бойынша Жоғарғы сот тарапынан төмен­гі соттардың азаматтық істер жөніндегі 63 шешімі қайта қа­ралған. Ал бұл бастаған реформа­лары­мыздың әлі де аяғына дейін жет­кізілмегенін білдіреді. Сондық­тан, соттар қызметінің беделін көте­ру мен жақсарту бойынша жүйе­лі және күн сайынғы ыждағат­ты жұмыс қажет, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы.

Құрметті судьялар және съезд қо­нақтары, деп жалғады сөзін Пре­­зидент, Ұлт жоспарын жүзе­­ге асырудың Қазақстан Тәу­ел­сіз­дігінің 25 жылдығымен тұс­па-тұс келуінің нышандық мәні бар. Біз 2050 Стратегиясының басты мақ­саты – Қазақстанның әлемдегі аса дамыған отыз елдің қатарына енуіне ұмтылып отырмыз. Сон­дықтан, біз қандай жағдайда да «тежегішті басып», Ұлт жос­парын жүзеге асыруды «шайқал­туға» жол бермеуіміз керек. Оның үстіне, басқа реформа­лардың барлығындағы табысымыз тікелей «заң үстемдігі» секілді шешуші бағытқа байланысты болып отырған жағдайда. Бұл туралы мен ылғи да айтып келемін.

Елбасы келесі кезекте соттар мен құқық қорғау органдарының алдына қойылған Ұлт жоспарының екінші бағытындағы 19 қадамнан тұратын міндеттердің әзірше тек 13 қадамы ғана орындалғанын, қал­ғандары аяғына дейін жеткізіл­мегенін атап көрсетті. Мен ескерт­кенмін: алға қойған міндеттердің жарым-жартылай орындалуы деген мүлдем болмауы тиіс, өйткені, бұл жерде әңгіме еліміздің болашағы туралы болып отыр, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ұлт жоспарын нақты жүзеге асыру ел азаматтары тарапынан соттар мен құқық қорғау органдарының қызметін бағалауда түбегейлі жақсару жағына қарай бет бұруы керек. Бұл бағалау жұртшылықтың соттарға қаншалықты сенетіндігі мен олардың жауапкершілік өл­шемін айқындайтын болады. Заң үстемдігін қамтамасыз ету тұрғы­сынан алғанда, әзірше Ұлт жоспары талап ететіндей деңгейде жұмыс жасалған жоқ. Және ұлттық сот жүйесінде белгіленген міндеттерді шешуге ерекше рөл беріліп отыр, деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Әбішұлы, сон­дай-ақ, қоғамның Қазақстан заңна­ма­ларының бұлжымай орындалатынын, ал соттардың заңдылық пен әділеттіліктің күзетінде тұратынын білулері тиіс екенін көлденең тартты. Сондықтан, қазақстандық сот төрелігі дамуының негізгі, перспективалы бағыттары қандай екенін нақты елестету маңызды.

Сонымен, Президент қазіргі жағдайда Қазақстан соттарының алдында мынадай негізгі міндеттер тұрғанын атап айтты:

Бірінші. Заң үстемдігін қамта­масыз ету негізгі міндет болып қала береді. Ал оны шешуде сот маңызды рөл атқарады.

Судья, сот төрелігін жүзеге асырарда, Конституцияда белгіленген қағидаттарды қатаң басшылыққа алуы тиіс.

Бірақ бұл жерде судья көрсет­кіштер мен статистикаға байланып қалмауы керек.

Судьяның шынайы тәуелсіздігі заңды қатаң сақтауы мен өзі қа­был­даған шешімнің дұрыстығы мен әділеттілігіне сенімділігіне негіз­деледі.

Сот заңды және әділетті болуы керек.

Өз кезегінде, заң алдында және сот алдында барлығы тең болуы тиіс.

Көріп отырсыздар, «судья» деген мәртебелі сөзді қанша рет пайдалануға тура келіп отырғанын, деді осы арада Елбасы.

Ол – заң процесінің басты фигурасы. Ол адаммен бетпе-бет келеді және оның проблемаларын шешеді. Нақ сол заң үстемдігін қамтамасыз етеді.

Мен баршаның заң және сот алдында тең екендігі туралы текке айтып отырған жоқпын.

Жемқорлықпен күрес шең­берінде министрлердің, әкімдердің, ЭКСПО-2017 басшыларының жауап­кершілікке тартылып, жа­залан­ғаны белгілі. Бұл заң алдында бар­шаның тең екендігі қағи­даты сақ­талып отырғанын айғақ­тайды.

Өз кезегінде, судьялар да өз қатарларының тазалығы үшін әркез алаңдаушылық білдіріп отырулары керек.

Заң күзетінде тұрған судьяның заң бұзушы болуға, оның үстіне, қыл­мыскер болуға хақы жоқ, олай болған жағдайда ол қатаң жауап­кершілікке тартылады.

Бұл – нонсенс. Бұл бүкіл сот билігінің беделін бірден түсіреді.

Судьялар қоғамдастығында, қай жердегіден де, құқық бұзу­шы­лықтың, әсіресе, жемқорлық құқық бұзушылықтың профилакти­касы бойынша жүйелі шаралар қабылданып тұруы тиіс.

Адамзат қоғамының өмірі талас-тартыссыз және дау-дамайсыз болуы мүмкін емес екені белгілі. Жан­жалдасушы тараптың бір жа­ғы­ның қашанда көңілі толмай тұрады.

Және құқықтық таластар мен коллизияларды шешуде соттың рөлі қаншалықты зор екені айқын көрінеді.

Судья тек заңды жүзеге асырушы ретінде ғана көрінбейді, ол – қоғамдағы қарама-қайшылық­тардың алдын алып, адами қарым-қатынастарды үйлестіретін, азаматтардың өмірін болжамды және тұрақты ететін тұлға.

Осылайша, Қазақстанда, тұтас­тай алғанда, отандастары­мыздың, сондай-ақ, шетелдіктердің, тү­гел­дей қоғамның, сонымен бірге, шыққан тегіне, азаматтығына, әлеу­меттік жағдайына, сенімі мен діни көзқарасына қарамастан, жеке адамның құқықтары мен заңды мүдделері қорғалуы тиіс.

Бұл – біздің барлық судья­лары­мыздың басым міндеті, деді Президент.

Кәсіпкерлердің, жекеменшіктің құқын қорғау – нарықтық эконо­ми­каның өте маңызды элементі. Шағын және орта бизнес – экономика өмір сүруінің негізі. Шағын және орта кәсіпкерліктің құқығын заң аясында қорғау қамтамасыз етілуі тиіс.

Сот төрелігінің сапасы мен же­делдігін арттыру үшін Ұлт жос­пары­на сәйкес біз бес сатылы сот жүйе­сінен үш сатылы сот жүйесіне көштік.

Үш сатылы жүйе жағдайында бірінші және апелляциялық инстан­циялардың рөлі мен маңызы артады. Төменгі соттардың шешім­деріне Жоғарғы Сотқа түсетін арыз-шағымдардың саны олардың жұмыс сапасына байланысты.

Алдын ала талдау үміт артатын қорытындыларға алып келді – үш сатылы жүйе, тұтастай алғанда, өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.

Сонымен бірге, іс жүзінде мәселелер туындауы мүмкін және сондай кездері сот төрелігінің үш сатылы жүйесін жетілдіру бойынша жедел шаралар қабылдаған жөн, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Екінші. Әлемдегі жетекші отыз елдің қатарына ену міндеті бізден қазіргіден де үлкен күш-жігер жұмсауды талап етеді.

Ал бұл біздің сот жүйеміз бен сот төрелігін айту үдерісі сенім­ге ие болып, озық әлемдік стандарт­тарға сәйкес келуі тиіс дегенді білдіреді.

Қызметі белсенді ете түсуді қа­­жет­сінетін Жоғарғы сот жанын­дағы Халықаралық кеңестің жұмы­сы да осыған бағытталатын болуы тиіс.

Оң халықаралық рейтинг­терге және сот төрелігін жүзеге асы­рудың сыртқы жақсы көрсет­кіш­теріне қарамастан, бір шешетін мәселе қалып отыр – ол соттар мен құқық қорғау органдарына жұрт­шылық сенімі деңгейінің жетім­сіздігі.

Оған қазақстандықтардың жоғары мемлекеттік инстан­цияларға, Президенттің өзіне дейін шағымдануы дәлел, оларда сот­тар мен құқық қорғау органдары­ның шешімдеріне арыз-шағым­дар бар, кейде тіпті, судьялар кор­пусы өкілдері мен құқық қорғау­шы­лардың адалдығы мен сатылмай­тындығына күмән да келтіріледі, деп атап көрсетті Елбасы.

Осылайша, тек Президент Әкімшілігіне ғана 2015 жылы азаматтар мен ұйымдардан заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері бойынша 10 мыңдай арыз-шағым түсті. Ал үстіміздегі жылдың 10 айында осындай арыз-шағымдар саны 7 мыңға жуықтады.

Сондықтан бір жағынан, сот қателіктері мен әділ емес сот шешім­деріне жол бермеу, сот төрелі­гін жүзеге асыруға кез келген лауа­зымды тұлғаның араласуын бол­дырмау қағидатты түрде маңызды. Жекелеген лоббистік топтар­дың мүдделері үшін сотқа қы­сым жасау мақсатында қоғамдық пікірдің өңін айналдыру фак­тілерінің жолын кесу қажет. Егер ондай талпыныстар орын алса, оларды ашық жариялап, мұн­дай тәжірибеге қарсы тұру керек.

Бірақ, сонымен бірге, судьялар қауымдастығы жабық корпорацияға айналып, қоғамдық сын аймағынан тыс болмауы тиіс, деп жалғады сөзін Мемлекет басшысы. Демократиялық мемлекетте қоғам барлық мемлекеттік институттардың, соның ішінде сот органдарының да жұмысына баға беруге құқылы. Сондықтан да Ұлт жоспарында судьялардың есептілігін күшейту міндеті қойыл­ған, ол, әрине, олардың тәуелсіз­дігі­не қол сұғу дегенді білдірмейді. Әң­гіме пікірлері ескерілуі тиіс аза­маттық қоғам жөнінде болып отыр.

Үшіншіден, деп атап өтті одан әрі Елбасы, әдеттегідей лайықты судьялар корпусын қалыптастыру ең қағидатты мәселе болып табылады. Сот төрелігін тек үлкен өмірлік тәжірибесі мен жоғары моральдық принциптерге ие кәсіпқойлар ғана жүзеге асыруы тиіс. Қазірдің өзінде судьялар корпусын анағұрлым даярлықтан өткен және тәжірибелі мамандар толықтыруда. Осылайша, алғаш тағайындалған судьялардың орта жасы 35-ті құрайды.

Өз ісіне берілген кадрларды іріктеу мен тәрбиелеу ең басты міндет болып қала береді. Бәрін де адамдар мен кадрлар шешеді. Біздің реформаларымыздың негізгі мәні де осында. Егер қажетті адамдарды дайындап, тағайындамасақ, мемлекеттің маңызды міндеттері орындалмайтын болады, деп атап көрсетті Президент.

Біздің жағдайымызда реформа азаматтардың сеніміне күмәнсіз лайық болып табылатын, беделі мінсіз судьялар корпусын қалыптастыруға алып келуі тиіс. Сонымен бірге, сот жүйесіне күшті және перспективалы заңгерлердің келуі үшін жол жабылмауы тиіс.

Жоғары Сот Кеңесі осынау маңызды міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді көздейді. Жоғары Сот Кеңесі қазіргі кезде судья кадрларын сапалы іріктеуге толық жауапкершілікті, дербес орган болғанына қарамастан, әлі де өз әлеуетін соңына дейін аша алған жоқ, деп атап өтті осы орайда Мемлекет басшысы. Кеңес өз жұмысында көбірек принциптілік танытуы тиіс.

Судья кадрлардың даярлық сапасын арттыру үшін биылғы жылы Жоғарғы сот жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды. Ол бюрократиялық ұйымға айналмауы керек. Академияның бас­ты міндеті – Тәуелсіз Қазақстан үшін судьялардың жаңа буынын дайындау. Судьяларды дайындау бағдарламалары тәжірибеге барынша бағдарланған болуы тиіс.

Төртіншіден, деп жалғады сөзін одан әрі Мемлекет басшысы, құқықтық және унитарлық мемлекет жағдайында елдің бүкіл аумағында заңдылықтың бірегей режімі мен бірегей сот тәжірибесі болуы керек. Құқықтық айқындық деңгейін көтеріп, тұрақты және болжамды сот тәжірибесін қалыптастыру қажет.

Сот ісін жүргізудің жаңа схемасы Жоғарғы сотқа назарды тек неғұрлым маңызды істерге ғана аударып қоймай, сонымен бірге, сот тәжірибесі мәселелері бойынша талдаумен және түсініктемелер қалыптастырумен айналысуға да мүмкіндік береді. Сот істерін қарау тәжірибесінің бірегейлігін қам­тамасыз ету – біздің Жоғар­ғы соттың басымдыққа ие міндет­терінің бірі.

Бесіншіден, деп жалғады ойын Елбасы, судьяларға қатысты жүк­те­мелердің жоғары болу проблема­сы әлі де сақталып отыр. Соңғы жылдары сот істерінің саны жыл сайын 200 мыңға өсіп отырды, ал ол істерді қараудың сапасы мен мерзімдеріне тікелей ықпал етеді.

Жүктемені төмендету үшін 2014 жылдың өзінде-ақ менің шешіміммен аудандық соттар судьяларының штаттық саны 450 бірлікке және соттар аппаратының саны 540 бірлікке ұлғайтылған болатын. Біз соттар аппаратының санын үнемі ұлғайта бере алмаймыз. Сондықтан бітістіру процедуралары мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерінің іс-қимылын ұлғайту жөніндегі шаралардың неліктен күткендегідей нәтиже бермей отырғандығына мұқият талдау жасау қажет. Бұл жерде елеулі кемшіліктер бар.

Халықпен жүйелі негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, деп атап өтті Мемлекет басшысы. Азаматтарға істі сот процесіне жеткізгеннен гөрі, өзара бітісудің әлдеқайда тиімдірек екенін түсіндіру қажет. Өйткені, қазір, егер тараптар татуласар болса, тіпті, төленген баж салығының өзі кері қайтарылады емес пе.

Сонымен, құқықтық ағарту мәселесі өте маңызды болып табылады. Азаматтардың құқықтық сауаттылығының арқасында сот дауларының санын бірнеше есеге дейін қысқартуға болады. Әділет министрлігі тиісті қызметтерінің бұл орайдағы күш-жігерінің жеткіліксіз екені байқалып тұр. Бюджеттен құқықтық мәдениетті арттыруға бөлінген қаржыны тиімді пайдаланған жөн.

Азаматтарды құқықтық ағарту саласында мемлекеттің барлық заңгерлік қызметтерінің қосымша күш-жігерлері қажет. Бұл – жергілікті жерлердегі судьялардың да ең басты міндеттерінің бірі. Халықпен жиірек кездесіп, оларға құқықтар мен қазіргі күшінде тұрған заңдарды түсіндіру қажет. Бұған айрықша көңіл бөлу керек.

Бүгін, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қар­саңында – сот билігі азаматтардың құқықтарын, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғауды қамта­масыз ететін елдігіміздің берік тұғыр­ларының бірі болып табылады деп айрықша атап айтқым келеді. Енді алдымызда сот жүйесінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін және оған қоғамның сенімін арттыру міндеті тұр. Олай болса, алда судьялар корпусын үлкен жұмыс күтіп тұр.

Мен сіздердің баршаңызға Қазақстан судьяларының алдында тұрған жоғары мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуде табыс тілеймін, деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының сөзі­нен кейін арнайы баяндама жаса­ған Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми төрт жылда бір рет ұйым­дастырылатын айтулы жиынның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенін  атады. Төрағаның айтуынша, ширек ғасыр ішінде Қазақстан әлемге тек демократиялық бағыттағы құ­қықтық мемлекет қана емес, сонымен қатар, өзге елдермен терезесі тең, жоғары беделге лайық мемлекет ретінде танылған. Аталған жылдар аясында республикамызда әлемдік стандарттарға сәйкес, сот жүйесі қалыптасты және үнемі дамып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жаңа сот жүйесінің іргетасы қаланып, сот әділдігін жүзеге асырудың бар­лық басты принциптері бекітілді. Сот тәуелсіздігі мен судьялар мәр­тебесі нығайып, соның ішінде ма­териалдық-техникалық тұрғыдағы мәселелер реттелді.

Қ.Мәми бұл ретте соттар қыз­метінің базистік нормалары 1995 жылы жарияланған реформада көрініс тауып, олар «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Президент Жарлығымен бекітіл­гендігін және де сол жылы арби­траждық соттар жалпы соттармен бірлесіп, біртұтас сот жүйесі құрылғандығын алға тартты. Тарихтың өзі осы қабылданған шешімнің өміршең екендігін растап берген. Қазақстанның осы үлгісін Ресей мен өзге де посткеңестік респуб­ликалар 20 жылдан соң қайталап қолданғанын тілге тиек еткен Жо­ғарғы сот төрағасы соттар қыз­метін қамта­масыз ету жүйесіне реф­ормалық жаңалықтар енгізілген­дігін де атап өтті. Сондай-ақ, Жоғары Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқа­сы құрылғанын жеткізді.

Сот жүйесін әрі қарай жетілдірудің басым бағыты ретінде судьяларды мамандандыру үлгісі таңдап алынғандығымен бөліскен Қайрат Әбдіразақұлы 2004 жылдан бастап республиканың барлық ай­мақтарында ауданаралық эко­номикалық, әкімшілік, қылмыстық және ювеналдық соттар құрыл­ғанд­ығын айтты. Осы шаралар нәти­жесінде істерді қараудың сапа­сы едәуір жақсарып, сот әділ­дігінің қолжетімділігі артқан. 2007 жылы сот ісін алқабилердің қатысуымен жүргізудің жаңа қазақ­стандық үлгісі қалыптасып, азаматтардың конституциялық құқық­тары мен бостандықтарын қорғауды жетілдірудің кепілі ретінде 2008 жылы тек соттың санкция­сымен қамауға алу тәртібі енгізіл­гені белгілі. Нәтижесінде, 2007 жылмен салыстырғанда, бүгін­гі таңда сотқа дейінгі қамауда отыр­ғандар саны екі есеге кеміген. Сол се­бептен, құқықтық жүйені із­гілен­діру жолын таңдаған біздің мемлекетіміздің мұндай тәжі­рибесін халықаралық сарапшылар алға басушылық деп бағалаған.

Жалпы алғанда, 25 жылда түр­меде отырғандардың саны үш есе азайды. Егер 1991 жылы еліміз 100 мың адамға шаққанда түрмеде отырғандардың коэффициенті бойынша әлемде үшінші орында болса, 2016 жылы Қазақстан аталған көрсеткіш бойынша 62-ші орынға төмендеді. Соңғы жылдары отандық соттар сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияны толық меңгерді. Бүгінде көптеген елдердің өкілдері біздің электронды іс жүргізу тәжірибемізді үйрену үшін Қазақстанға сұрануда,  деді Қайрат Әбдіразақұлы.

Сондай-ақ, төраға Ұлт жос­парының заң үстемдігін қам­тамасыз етумен байланысты екін­ші реформасы өз уақытында әрі тиісті деңгейде іске асырылып жатқанын айтты. Барлық қажетті заңдар қабылданды, жаңа нормалар соттардың тәжірибесіне сәтті енгізілуде, нәтижесінде отандық сот жүйесі айтарлықтай жаңғырып, Жоғарғы сот Ұлт жос­пары бойынша өзіне жүктелген 10 қадамның барлығын толықтай орындады. Сонымен қатар, VI Cъезде қабылданған қарарлардың барлығы түгел іске асып отыр.

2011 жылдан бастап Қазақ­стан­ның судьялар одағы Судьялардың халықаралық қауымдастығына толыққанды мүше болып енген­дігін алға тартқан Жоғарғы cот төрағасы 2016 жылы Сот әкімші­лігі жөніндегі халықаралық қауым­дастық Қазақстанның Жоғарғы cотын мүшелікке қабылда­ған­дығын да жеткізді.  Бұл 25 жылда жеткен табыстардың қысқаша қорытындысы ғана,  деген Қ.Мәми бүгінгі таңда атқарылып жатқан сот реформаларына кеңірек тоқталды.  «Нақты айтқанда, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының қабылдануы сот жүйесін әрі қарай реформалаудың жаңа маңызды кезеңі болып табылады. Реформаны жүзеге асыру бүгінгі таңда оңды нәтижелерін беруде. 2016 жылдың басынан бастап Жоғарғы cот жаңа құрамда жұмыс істей бастады. Жаңа мамандандырылған сот алқасы нәтижелі жұмыс істеп, сот өндірісінің жаңа ережесі іске асырылуда. Сот инстанцияларын оңтайландыру нәтижесінде, дауларды қарау 1,5 жылдан 8 айға дейін қысқарды. Жаңа про­цессуалдық ережелердің енгізілуі сот­тардың ауыртпалықты жүкте­мелерді тиімді атқаруына мүмкіндік береді, – деді Қ.Мәми.

Сот саласында ауыз толтырып айтуға тұрарлық маңызды шараның бірі – республика соттарындағы сот процестерін заманауи аудио-бейнетіркеу жүйелерімен 100 пайыз қамту. Соның нәтижесінде судьялар әрекеттеріне шағым түсіру екі есеге кеміген. Мұндай нәтижелерге біз тек  тәртіптік шаралар арқылы қол жеткізетінбіз. Толықтай алғанда, жаңа технологияларды енгізу сот қорғауына деген қолжетімділікті жеңілдеткен. Сөйтіп, қазіргі заманғы элек­трон­дық қызметтердің арқасында ел азаматтары «инстанциялар шабуылынан» босаған. Бұрын сот шешімін өзгерту үшін қажетті құжаттарды жинақтауға бірнеше күн кететін болса, қазір бірнеше минут ішінде арызды Интернет ар­қылы жолдауға мүмкіндік бар. Сол сияқты қажетті сот құжаттарының көшірмесі электронды арналар арқылы жөнелтіліп жатады.

Съездің күн тәртібіне Судья­лық әдеп кодексінің жаңа жобасы енгізіліп отыр. Бұл құжаттың қа­былдануы судьялардың моральдық жауапкершілігі үшін маңызды болып табылады. Жоба судьялар мен қауымдастық арасында кеңінен талқыланып, Әділеттіліктің тәуел­сіз­дігі жөніндегі венециандық комис­сияның арнайы отырысында тұ­сауы кесілді. Осылайша, талқы­ланып жатқан жобаның құқық­тық маңызы жаңа сапалы деңгейге шығып отыр, деді Қайрат Әбдіразақұлы.

Жоғарыда айтылғандай, Мем­лекет басшысының бастамасымен жасалып жатқан реформалардың нәтижесінде соттардың жұмысы жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Осылайша, неғұрлым кәсіби, ашық, қолжетімді және тәуелсіз сот жүйесі нығайып, еліміздің кез келген азаматына заңды мүдде­лерін сотта қорғау үшін мол мүм­кіндік туды. Жетем дегенге жі­гер ұсынған Ұлт жоспары Қазақ­станның заң үстемдігін қатаң сақ­тай­тын мемлекет болуының негізгі ал­ғышарттарын белгілеп берді, деді Қ.Мәми.

Құқықтық мемлекетте сот билігі қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен тұрақтылықтың кепілі болып танылады. Осындай салтанатты сәттерде жадымызға өзіңіз айтқан: «Халық кешірмейтін бір-ақ нәрсе бар: ол – елдің қолына зарықтырып барып қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айыры­луды кешірмейді» – деген сөз­дер оралады. Сондықтан, біздің – судьялардың қызметі Тәуелсіз­дігімізді нығайтуға, халқымыздың береке-бірлігін сақтауға арналады. Соттың халық алдындағы беделін күшейту, қоғамның сотқа деген сенімін ұлғайту – басты міндетіміз деп білеміз, деді Қ.Мәми.

Сөзінің  соңын Жоғарғы сот төрағасы қазақ халқы сот билігінің маңыздылығын терең ұғына отырып «Елге бай құт емес, би құт»  деп айқындаған екен. Біз осы халық даналығына сәйкес болуға уәде береміз,  деп түйіндеді.

Жоғарғы сот төрағасынан кейін съезге қатысушылар жарыс­сөзге шықты.

Жарыссөзде алғашқы сөз Шы­ғыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Досжан Әміровке бе­рілді. Халқымыздың «Әділ би­дің елін дау араламайды, әділ пат­шаның жерін жау араламайды» деген нақыл сөзін еске сала сөй­леген Д.Әміров бірінші кезекте Тәуелсіздіктің 25 жылындағы Елба­сының ерен еңбегіне тоқтал­ды. Еліміз әлемдік аренада жасампаз мемлекеттер қатарына қосылып отыр. Елбасы әрқашан құқықтық мемлекеттің талаптарына жауап беріп, халықаралық стандартқа сай келетін заманауи отандық сот жүйесін қалыптастыру ісіне үлкен мән беріп келеді. Бұл өз кезегінде білікті судьялар корпусын қалыптастыруға зор ықпалын тигізуде,  деді облыстық сот төрағасы.

Одан әрі ол Шығыс Қазақстан облысындағы сот саласында атқарылып жатқан игі шаралар жөнінде сөз қозғады.  Д.Әміровтің сөзіне қарағанда, аймақта осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша барлық қаралған істердің 7 мыңнан астамы татуласу рәсімімен аяқталған. Әр істе кемінде 2 тарап қатысатынын ескерсек, өңірде сотқа бір-бірімен дауласып, жаға жыртысып келген 14 мыңнан астам азаматтың сот процесінде бір мәмілеге келіп, төс қағысып татуласуы жалпы қоғам үшін өте қуанарлық жайт.

Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы, «Құрмет» орденінің иегері Амангелді Рысқалиев өз кезегінде судьяларға қойылатын әдеп талаптары туралы сөз етті. Маған екі дәуірдің де, кеңестік кезеңнің тұсында да, Тәуелсіздік жылдарында да сот жүйесінде судьялық қызмет атқару бақыты бұйырды. Қазақстан Республикасы судьяларының 1996 жылы жел­тоқсан айында Алматы қаласында өткен I съезінен бастап, барлық съезі­не қатысып келемін. Еліміздің судья­лар қауымдастығы мен тұтас сот жүйесі көз алдымызда қалып­тасып, дамып, өркендеу үстінде,  деді А.Рысқалиев.

Одан әрі сот ардагері осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2004 жылы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні Жо­ғар­ғы соттың қазіргі ғимараты ашы­лып, пайдалануға берілгенін, Мем­лекет басшысының осы әділет үйіне келгенін еске салды. Бұ­дан бөлек, А.Рысқалиев Ата Заңы­мызға сай мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның құ­қық­тары мен бостандықтары бол­ғандықтан, тәуелсіз елдің заңдары адам­ға, оның құқықтарының не­ғұрлым сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге қарай өзгеріп оты­ратынын, судья осы өзгерістер ағы­мына бейімделе білуі қажет­тігін атап өтті. Оның айтуынша, судья өз құзыреттілігін отан­шылдық жоғары парасатпен адал орындауы, ұлттық дәстүрдің қайнарынан жаралған кешегі өткен әділ билердің берік ұстанымын үлгі етуі тиіс екеніне екпін берді.

Алқалы жиын барысында Ас­тана қаласы кәмелетке толма­ғандар істері жөніндегі аудан­аралық сотының төрайымы Нә­зиля Раззақ, Қостанай облысы Қостанай аудандық сотының судьясы Наталья Дунаева, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Әділ Керімшеев, Ақтөбе облыстық сотының судьясы Гүлнар Ибраимова, Қазақстан Жоғарғы сотының жанындағы Халықаралық кеңестің мүшесі, Корея Республикасының өкілі, халықаралық сарапшы Хвачжун Ли және басқалар сөз сөйледі.

Олар өз сөздерінде «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының сот саласына қатысты талаптарының өз деңгейінде орындалып, еліміздегі сот жүйесін уақыт талабына сай жетілдіру жұмыстары халық тілегіне сай жүзеге асырылып отырғанын атап көрсетті. Мәселен, Н.Раззақ Қазақстан кеңестік кеңіс­тіктегі елдердің ішіндегі ювеналды сотты қалыптастырған жалғыз мем­лекет екенін, бұл саланың жұмы­сына халықаралық беделді ұйым­дар сарапшыларының жоға­ры баға беріп отырғанын жеткізді.

Ал Н.Дунаева өз кезегінде Ел­басының тапсырмасы негізінде еліміздің судьялар корпусы үлкен жұмыстар жүргізіп жатқанын, сот билігінің азаматтық институттармен тығыз байланыс орната білгенін сөз етті. Сондай-ақ, ол интернет желілері арқылы сот төрелігіне негізсіз сын айтатындар әрекетіне алаңдайтынын да біл­дірді. Оның айтуынша, осындай жал­ған, шындыққа жанаспайтын қара­лаудан судьяларды қорғау қажет.

Хвачжун Ли Қазақстанда ин­вестициялық ахуалды жақсарту, заң үстемдігін қамтамасыз ету жұмыстарының дұрыс бағытта жолға қойылғанын сөзіне арқау ете отырып, қазақстандық судьялар тәжірибесінің халықаралық стандартқа сай жетіле түскенін атап өтті. Бұған қоса, ол «100 нақ­ты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру Қазақстанның озық 30 елдің қатарына қосылуына мүмкіндік беретінін айтты.

Бұдан әрі Судьялар одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков өзі басқаратын қоғамдық бірлестіктің жұмысы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, республиканың судьялар корпусының өкілдері Су­дьялық әдеп кодексінің жаңа жобасын талқылап, оны бір­ауыздан қабылдады. Жалпы, алқа­лы басқосуда Судьялық әдеп кодек­сінің жобасы осы қызметтің барлық талаптары ескеріле отырып дайындалғаны атап өтілді.

Жалпы, 15 баптан құралған Судьялық әдеп кодексінде жұмыс істеп жүрген судьялар мен отставкадағы судьялар үшін жүріп-тұрудың әдеп қағидалары нақты көрсетілген. Мәселен, Кодекстің 1-бабында «Судья берілген антына берік болуға, оның әрекеттері судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, сот төрелігін іске асыруға, қоғамдық қызмет пен тұрмысқа байланысты кез келген іс-әрекеттерді жүзеге асырған кезде әдепсіз жүріп-тұрудың көріністеріне жол бермей, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс», делінген.

Шын мәнінде, бұл қабылданған Кодекстің осы бабына қарап-ақ, ел судьяларына қойылар талаптың жоғары екенін аңғаруға болады.

Сонымен қатар, съезд делегаттары Судьялар одағының Жар­ғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады әрі оның Ревизиялық комиссиясының есебін талқылады. Сондай-ақ, делегаттар бірауыздан Судьялар ода­ғының төрағасы қызметіне Мұ­сабек Әлімбековті қайта сайлады.

Сонымен, Қазақстан судья­ларының VIІ съезін еліміз Жо­ғарғы сотының төрағасы Қай­рат Мәми қорытындылады. Ол қо­ры­тынды сөзінде бүгінгі жиында сот жүйесінің өзекті мәселелері тал­қыланғанын, қабылданған ше­шімдерді және Мемлекет бас­шысының алға қойған міндеттерін іске асыру бойынша үлкен жұ­мыс­тар күтіп тұрғанын айта келіп, ел судьялары бұл бағытта белсенділік танытатынына сенім білдірді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

Жолдыбай БАЗАР,

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттер Президенттің баспасөз

қызметінен алынды