Махамбет Әбжан / Фото: informburo.kz
Журналист Махамбет Әбжанға қатысты үкім заңды күшіне енді, деп хабарлайды Астана қаласы сотының баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарланғандай, 2023 жылғы 3 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Махамбет Әбжанға БАҚ-ты пайдаланып, ірі залал келтіруге әкеп соққан көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚК-нің 274-бабы 3-бөлігі) және аса ірі мөлшерде бопсалау фактілері бойынша (ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі 2) тармағы) үкім шығарды.
Әбжан қылмыстардың жиынтығы бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол жазасын төтенше қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Журналистің іс-әрекетінен қауіпті қылмыстың қайталанғаны анықталған.
"Сотталған адам мен оның қорғаушылары осы үкіммен келіспей, сот актісіне апелляциялық тәртіппен шағымданып, Әбжанды ақтауды сұрады. Сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болмағандықтан, үкім өзгеріссіз қалдырылды және заңды күшіне енді", - деп мәлімдеді қалалық сот.
Еске сала кетейік, сот анықтағандай, Махамбет Әбжан "Abzhan news" телеграмм-каналының иесі және авторы болған кезде, 2022 жылғы маусымнан шілдеге дейін БАҚ-ты пайдалана отырып, "Астана-өңірлік электржелілік компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Г.Қожабаевқа, "Астана Жылу транзиті" басқарма төрағасының орынбасары К.Мукинге және Рашит Махатқа (жеке кәсіпкер) қатысты көрінеу жалған мәліметтер жариялаған.
Сондай-ақ, ол Рашит Махаттан 50 млн теңге ақша бопсалаған.