Сот тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің «Бек Эйр» АҚ-на қатысты екінші талабын қанағаттандырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін, 24 шілдеде Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің «Бек Эйр» АҚ әуекомпаниясына қатысты екінші талап-арызын қанағаттандырды. Комитет аталмыш компаниядан жасалмаған рейстер үшін жолаушыларға билет құнын қайтаруды талап еткен болатын.
Комитет 81 адамның мүддесін қорғап (сатып алынған 177 билет), сотқа шағым түсірген. Талап-арыз 5,9 млн теңгені құрады.
Еске сала кетейік, сотқа екінші талап-арыз 2020 жылғы 3 шілдеде берілген.
Комитеттің талабы мынадай:
1. «Бек Эйр» АҚ қызметін тұтынушылардың кінәсінсіз жойылған авиарейстерге бұрын сатып алынған билеттердің толық құнын өтеу құқығын тану.
2. Жауапкерді тұтынушының кінәсінсіз жойылған авиарейстерге сатып алынған билеттердің толық құнын өтеуге мәжбүрлеу.
3. «Бек Эйр» АҚ-нан тұтынушылар пайдасына авиабилет үшін төленген соманы өндіріп алу.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін комитет тұтынушыларға ақшаны тез арада қайтаруға жәрдемдеседі.