19 мау, 2020 сағат 06:48

Соңғы аптада КВИ-дың симптомсыз жағдайлары 65 пайызға артты

Соңғы аптада коронавирустың симптомсыз жағдайлары 65 пайызға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда коронавируспен ауырған 23 960 науқас тіркелген. Оның ішінде 16 351-і симптоммен және 7 609-ы симптомсыз. 13 716 науқас емін жалғастыруда. 10 139 науқас сауығып шықты, 105 науқас қайтыс болды. Бүгінгі күні тестілеу қуаты 28 мыңға дейін жеткізілді. Барлығы КВИ-ға 1 271 471 тест жүргізілді. Қазақстанда 1 КВИ жағдайына 78 тесттен келеді. Бұл Ресей, АҚШ, Италия, Канада, Аустриядағы тестілеу деңгейінен жоғары, 100 мың тұрғынға шаққанда тест саны 6824-ті құрайды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта тестілеу эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша, профилактикалық мақсатта және эпидемиологиялық қадағалау аясында жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес зертханалық тексеруге: науқастар мен вирус тасымалдаушылар, ЖРВИ, тұмау, пневмониямен ауыратын науқастар, науқастармен байланыста болған адамдар, стационарлар мен медициналық-әлеуметтік мекемелерге жатқызылған адамдар, медицина қызметкерлері, әскерге шақырылушылар, ҚР аумағына келетін адамдар жатады.

«COVID-19-ға ПТР-тестілеу үшін 56 зертхана жұмыс істейді, тестілеу қуаты тәулігіне 28 000-ға дейін жеткізілді. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен айқындалған тестілеуге жататын халықты тестілеумен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен қуатты тәулігіне 30 000 тестке дейін, ал мемлекеттік және жеке сектор зертханалар қуаты есебімен жалпы ел бойынша тәулікке 35 мыңға дейін арттыру жоспарлануда»,- деді Ләззат Ақтаева.

Оның дерегінше, соңғы аптада республикада 5 485 жағдай тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өскен. Ауру жағдайларының жалпы санының 44 пайызы байланыста болған адамдар арасында тіркелген, 36 пайызы кәсіптік тексеру жүргізу кезінде анықталды, 19 пайызы ЖРВИ-мен ауырған пациенттер арасында, әкелінген жағдай – 1 пайыз.

«Бұл ретте, ауру симптомдары бар жағдайлардың саны 1,3 есе өскен және ауру жұқтырудың жалпы санының 35,5 пайызын, ал симптомсыз жағдай 65 пайызын құрады»,- деді ол.