Димаш Құдайберген қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Осы посты жазамын деп ешқашан ойламаппын... Бұған сене алмай отырмын. Денис, менің бауырым, досым. Сенің орның әрдайым ойсырап тұрады… Достығың үшін рахмет, Джеки! Сен - ұлы адамсың, ұлы!!! Сен аңыз болып қалдың! Өмірден ерте өткенің қандай өкінішті… Мен үнемі сені мақтан тұтатын боламын, сағынатын боламын! Сен - бар ғұмырын елінің беделін көтеруге арнаған батырсың! Барлығы үшін рахмет! Бұған сенгім келмейді… Сене алмаймын… Біздің соңғы әңгімемізді ешқашан ұмытпаймын. Жатқан жерің жайлы болсын…! Туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Қаскөйлер жазасыз қалмайды…", — деп жазды әнші инстаграмдағы парақшасында.
Еске сала кетсек, бейсенбі күні Алматыда танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді пышақтап кеткені хабарланды.
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.