07 жел, 2020 сағат 02:14

«Сонар-2020» республикалық турнирі: Бас жүлдені атыраулық бүркітші иеленді

Атыраулық бүркітші «Сонар-2020» республикалық турнирінің бас жүлдесін иеленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген тауының жотасында «Сонар-2020» республикалық турнирі өтті. Бұл сайыста бүркіт, қаршыға, сұңқар сынды құстарын ұшырып, құмай тазы жүгірткен 100-ден астам құсбегі бақ сынады. Олар 34 бүркіт пен 14 тазыны сайысқа қосты. 

Сайысқа Атырау облысынан қатысқан құсбегі Арман Әбдікәрімұлының «Нарын» атты бүркіті түлкіге 16 секундта жеткен. Сөйтіп, атыраулық бүркітші бас жүлде – 1 млн теңгеге ие болды.

«Биыл «Нарын» алтыншы аңға түсті. Саят сайысынан ұдайы жүлде алып жүрміз. Бір рет әлем чемпионатынан, бірнеше мәрте ел чемпионатынан бәйгеге ие болдық. Бүркіт баптауға әкем бала кезімде үйретті. Саятшылықты әлі де жалғастыра беремін», - дейді құсбегі Арман Әбдікәрімұлы.