18 мау, 2020 сағат 16:15

Солтүстік Қазақстанның кәсіпкерлері мен ардагерлері Елбасының тез сауығып кетуін тіледі

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері мен ардагерлері Елбасына тезірек сауығып кетуін тілеп, қолдау көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов Елбасының тезірек сауығып кетуін тілейді. 

«Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Қызылжар өңірінің ардагерлері де короновирус пандемиясына байланысты елімізде туындаған қиын жағдайға жіті көз тігіп отыр. Жаһанды дүрбелеңге салған індетті еңсеруге бірыңғай республикалық «Biz birgemiz» акциясымен үн қосқаныңыз, барлық қазақстандықтарға жетекші партияның төрағасы ретінде үндеу жариялағаныңыз бойға қуат, жанға шуақ беруде. Коронавирусқа орай оқшауланғаныңызға алаңдағанымызбен, қашықтан жұмыс істеуді жалғастырып жатқаныңызға қуанып қалдық. Дертіңізден тез айығуға шын жүректен тілектеспіз! Дана халқымыз айтқандай: «Көптің тілегі – көл» болсын!», - деп жазды Е.Елеусізов. 

«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Тезірек сауығып кетуіңізге тілектеспіз! Солтүстік Қазақстандағы зауыттар сіздің қолдауыңыздың арқасында жаңадан «өмірге келіп», дамып жатыр. Бұл біз үшін өте маңызды! Осындай қиын сәтте сізге қолдау көрсетеміз. Сіздің өмірлік қуатыңыз, күшіңіз бен оптимизміңіз аурудан үстем болатынына сенімдіміз», - деп жазды «Радуга» ЖШС бас директоры Дмитрий Шарапаев. 

Өз кезегінде, «Зенченко и К» шаруа қожалығының директоры Геннадий Зенченко әкесінің Тұңғыш Президентпен дос болғанын үнемі мақтан тұтанынын еске алды. 

«Сізге және отбасыңызға осындай қиын күндері шын жүрегіммен қолдау көрсетемін! Өмірлік энергияңыздың арқасында ауруды жеңіп, Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін қызметіңізге қайта оралатыныңызға сенімдімін. Толықтай тезірек сауығып кетуіңізге тілектеспін!», - деп жазды Г. Зенченко.