26 қаң, 2023 сағат 20:58

Смайылов Мусинге елдегі нашар интернет үшін ескерту жасады

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге Қазақстандағы интернет және мобильді байланыс сапасы үшін ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz сайты.

Ведомство алқасының отырысы кезінде Смайылов еліміздің ірі қалаларында да интернет жиі болмайтынын айтты. Премьер-министр ведомство басшысына қазақстандықтардың шағымына құлақ асуды ескертті.

"Бағдат Батырбекұлы, қазақстандықтардың интернет сапасы мен ұялы байланысқа қатысты наразылығы мен шағымын өзіңіз де көріп отырсыз ғой. Байланыс кейде тіпті ірі қалаларда да болмайды. Қазір бәрін ұялы телефонның көмегімен жасаймыз, бірақ кейде интернеттің болмауына байланысты бұл мүмкін болмай жатады. Бұл мәселені шешу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық қала мен аудан орталығы, сонымен бірге республикалық және облыстық басты автожолдар да сапалы ұялы байланыспен және интернетпен қамтылуға тиіс, - деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, бір күн бұрын ranking.kz Қазақстан 2022 жылы интернетті өшіруге көп ақша жұмсаған үш мемлекеттің бірі болғанын хабарлады.

Еліміз былтыр интернетті өшіремін деп, 410 миллион АҚШ долларын кетірген. Екінші орында Иран (773 миллион АҚШ доллары), ал бірінші орында Ресей (21,59 миллиард АҚШ доллары) тұр.