05 мам, 2022 сағат 18:12

Смайылов мұнай-газ саласында демонополизациялаудың жаңа шараларын іске асыруды тапсырды


ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді, онда «Атамекен» ҰКП-ның мұнай өңдеу саласын реформалау жөніндегі ұсыныстары қаралды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов шағын мұнай өңдеу зауыттары шығаратын өнімнің сапасын арттыру үшін оларды техникалық реттеу талаптарын күшейтуді ұсынды. 

Сондай-ақ ЕАЭО техникалық регламентіне сәйкес келмейтін мұнай өнімдерін шығаратын шағын мұнай өңдеу зауыттарына салықтық және кедендік жеңілдіктерді алып тастау қажеттігі айтылды.

Бұдан бөлек, мұнай өңдеу зауыттарынан жанар-жағармай жөнелту кезінде теміржол қызметтерін көрсету тұрғысынан бағаның негізсіз өсуін және жекелеген компаниялардың бәсекесіз қызметін болдырмау үшін тарифтерді төмендету туралы да әңгіме болды.

Сонымен қатар Премьер-Министр субъектілердің шектеулі тобына жеңілдіктер ұсынбау үшін нарықтың барлық қатысушысына МӨЗ-де мұнай өнімдерін сақтаудың бірыңғай регламентін әзірлеуді міндеттеді.

Мұнай өңдеу зауыттарында негізсіз өндірістік шығындарды болдырмау мақсатында олардың бақылау және қауіпсіздік жүйелеріне аудит жүргізу тапсырылды. 

«Бұл бағытта бүкіл технологиялық процесті қамти отырып, бақылаудың цифрлық технологияларын енгізу қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Жалпы, Үкімет басшысы айтылған ұсыныстарды қолдап, кейбіреуіне түзетулер енгізуді және оларды іске асыру мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Отырыс барысында сұйытылған газ нарығын, атап айтқанда, оның өнімін өнеркәсіптік қайта өңдеушілерге сату, сондай-ақ тасымалдау және сақтау бойынша демонополизациялау шаралары қаралды. 

Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға бағалық сөз байласуға әкелетін жағдайларды анықтауды және осы салаға қажетті нарық тетіктері бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.