06 нау, 2026 сағат 11:59

Қазақстанда кәсіпкер әйелдер саны қанша?

Фото: Lovepik

Бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігі экономика өсуінің негізгі нүктесінің бірі. 2025 жылы Қазақстанда бір миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқаруда. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің  48,1%-ы, деп хабарлайды Ult.kz Экономика министрлігіне сілтеме жасап.

Әйелдер сауданы, қызметтерді, сұлулық индустриясын, қоғамдық тамақтануды, білім беру жобаларын, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік бастамаларды батыл дамытуда. Олар өңір экономикасын нығайта әрі заманауи даму трендін қолдай отырып, тұрақты, технологиялық және қоғамдастыққа бағытталған кәсіпорындар құруда.

Бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін төрт негізгі құрал бар.

Біріншісі — ақпараттық-консультациялық көмек. Әйелдер негізгі сұрақтарға жауап алады: бизнесті қалай тіркеу, ЭҚЖЖ таңдау, құжат ресімдеу, мемлекеттік қолдауды пайдалану және тендерлерге қатысу.  2026 жылғы 1 қаңтарда 16 326 әйелге 60 249 қызмет көрсетілді.

Екіншісі — жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау. Бұл бухгалтерлік есеп, салық, есептілік, "1С", бизнес-жоспар мен ілгерілету стратегиясын әзірлеу. Барлығы 6 410 әйелге 7 106 қызмет ұсынылды.

Үшінші құрал — "Іскерлік байланыстар". Кәсіпкерлер шетелдік әріптестермен байланыс орнатып. шетелде тағылымдамадан өтеді. Бағдарламаны 36 кәсіпкер, оның ішінде 10 әйел аяқтады.

Төртінші құрал — жергілікті өндірушілердің әлеуетін ашуға көмектесетін және ауылдық жердің экономикалық дамуын күшейтетін "Бір ауыл-бір өнім" жобасы. Бүгінгі таңда қатысушылардың 90%-ы әйелдер. 1 мыңнан астам қатысушы кеңес алса, оның ішінде 742-сі әйел. 38-і финалист атанды. Жоба 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алуға және оқытуда, брендингте және өнімді жылжытуға қолдау алуға мүмкіндік береді.

Тағы бір бағыт — ЕҚДБ-мен бірлескен "Бизнестегі әйелдер " бағдарламасы. 2015 жылдан бастап 565 консалтингтік және коучингтік жоба өткізілген. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 10 мыңға жуық кәсіпкер "Микробизнестегі әйелдер” бес модульді онлайн бағдарламасына қатысты.