30 сәу, 2026 сағат 22:05

Қазақстанда мектептегі білім беру жүйесіне шахматты енгізу бағдарламасы күшейтіледі


Қазақстанда шахматты ұлттық мектеп жүйесіне енгізу бойынша жұмыс күшейтіледі. Тиісті келісім ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан шахмат федерациясы арасында жасалды. Бұл туралы гроссмейстер, Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Садвакасов хабарлады.

Д. Садвакасовтың айтуынша, бүгінде балаларға ойындар, қысқа видеолар мен түрлі әлеуметтік желілердің көптігіне байланысты телефоннан ажырау барған сайын қиындап барады. Соның салдарынан олардың зейіні төмендеп, жаңа ақпаратты меңгеруде және бастаған ісін аяқтауда қиындықтар туындайды.

«Сондықтан бүгінгі мектептің міндеті тек білім берумен шектелмейді, балаларды ойлауға, талдауға және зейінін шоғырландыруға үйрету де маңызды. Бұл тұрғыда шахмат - өте тиімді құрал. Бұл жай ғана ойын емес. Шахмат логиканы, есте сақтау қабілетін дамытады, шешім қабылдауға және өз әрекеттерінің салдарын түсінуге үйретеді», - деп жазды Д. Садвакасов Facebook парақшасында.


Ол 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленіп, бекітілгенін еске салды. Негізгі бағыттардың бірі - шахматты мектептерге енгізу.

«Жоспар бойынша 2027 жылға қарай бағдарлама 1 400 мектепті қамтуы тиіс еді. Алайда қазірдің өзінде бұл көрсеткіштен асып түстік. Мұғалімдер мен ата-аналардың сұранысының артуына байланысты бағдарламаға 1 500-ден астам мектеп қатысып отыр. Олардың басым бөлігі - ауыл мектептері», - деді Д. Садвакасов.



Оның айтуынша, осы оң үрдісті ескере отырып, бағдарлама аясындағы жұмысты одан әрі дамыту мәселесі бойынша ҚР Оқу-ағарту министрі Ж. Сүлейменовамен арнайы келіссөздер жүргізілген. Негізгі мақсат - Қазақстандағы әрбір балаға сапалы шахмат білімін алуға қолжетімділік қамтамасыз ету.

«Бұл бағытты күшейтуге қажетті толық қолдауға ие болдық. Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесіп, министрлік жанынан тиісті жұмыс тобы құрылып, жан-жақты қолдау көрсетіледі», - деп атап өтті ҚШФ бірінші вице-президенті.


Сондай-ақ ол бағдарламаны күшейту үшін қажетті педагогикалық база дайындалып жатқанын айтты. Бүгінде біліктілікті арттыру курстарынан 3 500-ден астам педагог өтті, және жыл сайын бұл бағытқа қызығушылық артып келеді.

Сонымен қатар, республикадағы 5 педагогикалық жоғары оқу орнында шахмат бойынша дипломды мұғалімдерді даярлау бағдарламасы іске қосылды. Қазір оның аясында 200-ден астам студент білім алуда, ал 2028 жылға қарай, Д. Садвакасовтың айтуынша, Қазақстанда кемінде 1000 дипломды маман дайындалады деп күтілуде.

«Жалпы, шахмат - тек ойын ғана емес. Бұл ойлау, зейінді шоғырландыру және шешім қабылдау қабілеті. Ал дәл осы дағдылар бүгінгі күні аса маңызды. Шахмат білім беру саласында шынымен де қажет құралға айналып келеді. Бұл - зияткер ұлт қалыптастыруға қосқан үлесіміз», - деп түйіндеді ол.