Фото: gov.kz
Алматы метрополитенінің құрылысы кезінде орын алған қаржы жымқыру ісі кассациялық тәртіппен қайта қаралып, жаңа мән-жайлар анықталды. Тексеру нәтижесінде үшінші бір заңды тұлғаның банк шоттарынан табылған 127 миллион теңге мемлекет пайдасына қайтарылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мәліметінше, «Метрополитен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының лауазымды тұлғалары мердігер ұйым өкілдерімен алдын ала сөз байласып, метро құрылысы мен оны жабдықтауға бөлінген бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Осының салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтірілген. Алмалы аудандық сотының үкімімен аталған кәсіпорын мен мердігер ұйымның 10 қызметкері ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып, олардың мүлкі тәркіленді. Сонымен қатар келтірілген залалды бірлесіп өтеу міндеті жүктелді.
Кассациялық тексеріс барысында жымқырылған қаражаттың бір бөлігі — 127 миллион теңге басқа заңды тұлғаның есепшотынан анықталды. Прокурордың наразылығы негізінде сот шешімі өзгертіліп, бұл қаржы мемлекетке өндірілді.
Бас прокуратура бұл жағдайды мемлекеттік қаржыға қол сұққандар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын көрсететін нақты мысал ретінде бағалап отыр. Ведомство өкілдері бюджет қаражатын игеру барысында барлық қатысушылар заңдылық пен адалдық қағидаларын қатаң сақтауы тиіс екенін ескертті. Себебі мұндай құқықбұзушылықтар мемлекет бақылауында болып, қатаң жазаға әкеледі.
