Фото: Pexels.com
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі емханаларды қаржыландыру тәртібін не үшін өзгерткенін түсіндірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Реформаның негізгі мақсаты — медициналық көмектің сапасын арттырып, қаржыны нақты қызмет көрсетілген жерге бағыттау.
Бұған дейін емханалар азаматтардың нақты қаралған-қаралмағанына қарамастан, тек тіркелген адамдар санына қарай қаржы алып келген. Соның салдарынан 4 миллионнан астам адам (шамамен 22%) медициналық көмекке жүгінбесе де, олар үшін бюджеттен қаржы бөлінген.
Мамандардың айтуынша, бұл жүйе профилактиканың әлсіреуіне әкелген. Көп жағдайда азаматтар дәрігерге тек жағдайы асқынғанда ғана қаралады. Қазіргі таңда стационарға жатқызылатын әр 10 жағдайдың 7-еуі шұғыл түрде жүзеге асады, ал олардың бір бөлігін емхана деңгейінде алдын алуға болар еді.
Жаңа тәртіп бойынша, егер пациент бір жылдан астам уақыт емханаға жүгінбесе, оған бөлінетін тариф аздап төмендетіледі. Алайда бұл шара жазалау емес — қаржыландырудың негізгі бөлігі сақталады. Басты мақсат — емханаларды пациенттермен белсенді жұмыс істеуге ынталандыру.
Енді медициналық ұйымдар азаматтарды профилактикалық тексерулерге жиі шақырып, скринингтер туралы ескертіп, созылмалы ауруларды тұрақты бақылауға көбірек көңіл бөледі. Бұл ауруларды ерте анықтап, емдеуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне нақты нәтижелер үшін қосымша төлемдер қарастырылған. Атап айтқанда, онкологиялық ауруларды, туберкулезді ерте анықтау және созылмалы дерттерді бақылау көрсеткіштері ескерілмек. Осылайша, жүйе біртіндеп көрсетілген қызметтің санына емес, сапасы мен нәтижесіне қарай қаржыландыруға көшуде.
Айта кетейік, кейбір жекеменшік емханалар жаңа өзгерістермен келіспей, табыстың төмендеуінен қауіптеніп, сотқа жүгінген.
Министрлік өкілдері бұл реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 2024 жылдан бастап жоспарлы емдеуге жатқызу үшін қажетті тексерулер саны қысқартылып, дәрігерлердің жүктемесі оңтайландырылған. Сонымен қатар мейіргерлердің өкілеттігі кеңейтіліп, дәрігерлерге пациент қабылдауға көбірек уақыт бөлінген.
2025 жылдың сәуірінен бастап еңбекақы төлеу моделі де жаңартылды. Енді медицина қызметкерлерінің табысы ана мен нәресте өлімін азайту, жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу және қауіпті дерттерді ерте анықтау нәтижелеріне байланысты болады.
Ведомствоның мәліметінше, халықпен белсенді жұмыс жүргізген жағдайда бір учаскеге бөлінетін қаржы көлемі тоқсанына 344 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін артқан.
Министрлік бұл өзгерістердің барлығы аурулардың алдын алу, асқынуларды азайту және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жаңа модельге көшу аясында қолға алынғанын мәлімдеді.
