10 қар, 2022 сағат 14:13

Смайылов КҚК жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын айтты


ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Каспий құбыр консорциумында жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Қазан айында консорциумдағы екі қондырғыны жөндеуді аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ ауа райына байланысты бұл жұмыстар тоқтатылды. Менің ойымша, алдағы екі-үш күнде теңіздегі №1 қондырғыны жөндеу жұмыстары аяқталады. Одан кейін бірден екінші қондырғыны жөндеу басталады. Оны жөндеу шамамен екі-үш аптада аяқталады", - деді Смайылов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Каспий құбыр консорциумындағы апат еліміздің мұнай экспортына қалай әсер еткенін айтты.

"Мысалы, бізде бір жыл ішінде мұнай секторынан Ұлттық қорға 3,9 триллион теңге көлемінде түсім жоспарланған болатын. 10 айдың қорытындысы бойынша бұл жоспар 1 триллион теңгеге асыра орындалғанын көріп отырмыз. Экспорттық кедендік баждан республикалық бюджетке түсетін түсімге келетін болсақ, бізде жылына 1,8 триллион теңге жоспарланған, 10 айдың қорытындысы бойынша 1,4 триллион теңге түсті. Алдағы екі айда қалған сомалар да келеді. Сондықтан қазіргі таңда әлемдік мұнай нарықтарында қалыптасып жатқан мақсаттар мен конъюнктураның арқасында бізде Ұлттық қорға да, республикалық бюджетке де мұнай - газ секторынан түсетін барлық түсімдер толық көлемде күтіліп отыр", - деді Премьер-министр.