Белгілі скрипкашы Арман Мырзағалиев елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына 15 наурыз күні «Астана Операның» Камералық залында «Портреттер» деген атпен жеке музыкалық кешін өткізеді.
Кеш портреттерінің бірі – скрипкашының өз бейнесі болмақ, оның ұстанымы – ерекше талғамды шығармашылық туындыларға артықшылық беру әрі ізденімпаз музыканттың нәзік ішкі түйсігі.
Кештің мазмұнды бағдарламасына Валентин Сильвестровтың "Рost Scriptum". Скрипка мен фортепианоға арналған сонатасы, Антонин Дворжактың Ішекті аспаптарға арналған секстеті, ля мажор, ор.48, Эдвард Григтың "Екі норвег" әуені, ор.63, сонымен қатар Гия Канчелидің Скрипка мен фортепианоға арналған "Time… and Again" шығармасы енген.
«Сөзсіз, мен үшін музыка қандай да бір ыңғайлы, табысты да танымал туындыға қарағанда, кең әрі терең. Ұсынылған бағдарлама да өзгешеленбейді. Жақсы, нағыз музыкаға құштарлық – менің концерттерімдегі бағдарламалардың бәрі осы бір негізгі қағида бойынша құрастыралады», - деп бөлісті Арман Мырзағалиев.
Әлемге танымал скрипкашымен бірге осы кеште сахнаға Нонна Сиаманди (фортепиано), Жанар Ахатова (альт), Ермек Құрманаев (виолончель), Евгения Каримова (скрипка), Надир Мурат (альт), Курванжан Ахатов (виолончель) шығады.
«Адам өмірі – оның күш-қуаты, күдік-күмәні мен ішкі толқынысының тізбегі. Жақсы әрі нағыз шынайы музыка да – осы үрдістерде үлкен орын алады. Музыканы жақсы көріңіздер, музыка арқылы әлемге ұмтылыңыздар», - деп түйіндеді Арман Мырзағалиев.