30 қар, 2021 сағат 11:58

СҚО-да тұрғын үй кооперативінің атын жамылған қаржы пирамидасы анықталды


Солтүстік Қазақстан облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар тұрғын үй кооперативінің атын жамылып, азаматтардың қаражатын алған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, ұйым азаматтардың табысына қарамастан, тұрғын үй сатып алуға жалған көмек көрсету мақсатында қаржылық қызметті жүзеге асырған. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері арқылы "Шаңырақ+" бағдарламасы аясында ипотекалық қарызға балама ұсына отырып, жеке тұлғаларды тартып отырған.

"Қаржы пирамидаларының схемаларының бірі - тұтыну кооперативтері. Алаяқтар тұрғын үй немесе автокөлік сатып алу бағдарламасын ұсынады. Көбінесе, клубқа кіру үшін мүшелік жарна төлеу қажет, ол қайтарылмайды. Бұл ретте мүлік жаңа салымшылардың жарналарына сатып алынады", - деп атап өтті агенттікте.

Бағдарламаға қатысу үшін 103 доллар салып, жаңа салымшыларды шақыру қажет болғаны айтылды.

"Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында компания филиалдарынан баспа өнімдері, буклеттер, компания қызметі туралы ақпараты бар брошюралар, шарттар, тізімдер және салымшылар бойынша ақпарат анықталып, тәркіленді. Бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, қаржы мониторингі агенттігі азаматтардан таныстары немесе жақындары осындай пирамидаға тартылған болса, дереу +7 (7172) 708-478 сенім телефоны арқылы немесе аумақтық қаржы мониторинг органдарына хабарласуларын сұрады.