СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов Канн кинофестивалiнде топ жарған жерлес актриса Самал Есләмовамен кездестi.
Кездесуге Самалдың ата-анасы Iлияс және Гүлмайра Есләмовтер, Самалдың алғашқы сынып жетекшiсi Зухра Абуқызы және Самал жұмыс iстеген Сәбит Мұқанов атындағы сазды-драма театрының актерлерi, сондай-ақ өнер колледжiнiң оқытушылары мен студенттерi қатысты.
Өңiр басшысы осы күнге дейiн Қазақстанның және тiптi ТМД елдерiнiң актрисалары осы атаққа қол жеткiзе алмағандығын баса айтты. Құмар Ақсақалов әйгiлi актерлер мен актрисалардың рухани әлемi туған жерiмен мықты байланыста дейдi.
«Әлемдегi ең танымал кинофестивальге қатысып, топ жарып, жетiстiкке жету Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерiнде болмаған жағдай. Қазақтың атын, рухын көтергенiң үшiн Самалға алғысымыз шексiз. Қарапайым ауылдан шығып, осындай жетiстiкке Самал өзiнiң дарындылығының арқасында қол жеткiздi. Көп адамдар әйгiлi актерлер үлкен қалаларда туады деп ойлайды. Шын мәнiнде, нағыз актерлер мен актрисалар шағын ауылдардан шығады. Адамның iшкi рухани әлемi ата-жұртынан, туған жерiнен, тарихынан нәр алады. Самалдың жетiстiгi осыған дәлел», — дедi Құмар Ақсақалов.
Самал Есләмова дүйiм жұртқа құттықтаулар мен қолдаулары үшiн алғысын жеткiздi.
«Елге келiп, жерлестерiмдi көру мен үшiн қуаныш. Менi қолдап, құттықтап жатқандарыңыз үшiн көп алғыс айтамын», — дедi Самал Есләмова.
Кездесуде Самалдың ата-анасы сөз сөйлеп, қыздарының үлкен жетiстiгiне жылы тiлектерiн бiлдiрiп жатқан солтүстiкқазақстандық жамағатқа алғыстарын жеткiздi.
Кездесу соңына марапаттау рәсiмi өттi. Құмар Ақсақалов Самал Есләмоваға 3-бөлмелi пәтердiң кiлтiн табыс еттi. Актриса облыс әкiмiнiң құрмет грамотасына да ие болды. Iлияс және Гүлмайра Есләмовтер облыс әкiмiнiң алғыс хатымен марапатталды.