22 сәу, 2022 сағат 18:15

Скляр неміс компанияларымен экономикалық ынтымақтастықты талқылады


Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Қазақстанда жұмыс істейтін неміс бизнесінің жетекшілері кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Онда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру барысы мен Қазақстан-Германия экономикалық ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жоспарлары талқыланды. Шараға Linde Gas, SIEMENS, Bayer, WILO Central Asia, Lufthansa Group және т.б. неміс компанияларының өкілдері қатысты. 

Кездесуде экономиканың түрлі салалары, атап айтқанда, машина жасау, металлургия, энергетика, тау-кен металлургия кешені мәселелері талқыланды.

Неміс әріптестер әлемдік нарықтың тұрақсыздығы жағдайында Қазақстан бизнесті дамыту және жаңа инвестициялар үшін тартымды елге айналып келе жатқанын атап өтті. 

Осылайша, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Ховсеп Восканян Қазақстандағы іскерлік ахуалдың қолайлы деңгейін, сонымен қатар неміс бизнесі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан институционалдық реформаларды қолдайтынын айтты. 

«Siemens» ЖШС бас директоры Диас Асанов компания қазірдің өзінде республикамызда цифрлық трансформациялау бойынша пилоттық жобаларды жүзеге асырып жатқанына тоқталды. Болашақта Siemens көлік саласында инновациялық шешімдерді енгізу бойынша инфрақұрылымдық және технологиялық әріптес ретінде осындай жобаларға қатысуға мүдделі.

Өз кезегінде «Байер KAZ» ЖШС бас директоры Лаума Вальтере Үкіметтің назарын және ашық диалогқа әрқашан дайын екенін атап өтті, бұл бизнес климатты одан әрі жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ, ол жаңа инновациялық препараттарды сертификаттау тетігін өзгертуді ұсынды.

Тау-кен металлургия кешені жобаларын демонополизациялау мәселелерін «thyssenkrupp Industrial Solutions» ЖШС бас директоры Роман Карл көтерді. Компания тау-кен, цемент және химия өнеркәсібіндегі өнімдер мен қызметтердің кең спектрін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. 

Келіссөздер тараптардың одан әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделілігі мен дайындығын көрсетті.