09 қаз, 2019 сағат 08:37

Скляр Францияда өткен бірлескен инвестициялық форумға қатысты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Парижде өткен инвестициялық форумға қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

«Францияның іскерлік орталарының 150-ден астам өкілі қатысқан маңызды халықаралық іс-шараның барысында Қазақстан-Франция серіктестігін мемлекеттік деңгейде ғана емес, екі елдің іскерлік орталары мен азаматтарының ынтымақтастығын кеңейту әлеуеті талқыланды. Форумға қатысушылар Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін, бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылап, еліміздің инвестициялық ахуалына баға берді», - делінген хабарламада.

Премьер-Министрдің орынбасары атап өткендей, қазіргі таңда Қазақстан-Франция қатынастарын «стратегиялық серіктестік» ретінде сипаттауға болады. Ол достық пен өзара қолдау дәстүрлеріне сүйенген тиімді және өзара толықтыратын ынтымақтастықтың үлгісі. Мәселен, бүгінгі күнде кең шарттық-құқықтық база құрылған, онда 2008 жылы қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы шарт ерекше орын алады.

Бұдан өзге, Қазақстан француз бизнесі үшін Орталық Азия өңіріндегі сенімді серіктес болып табылады. Қазақстан Еуропа елдерінің өңірдегі экономикалық мүдделерінің таратушысы бола алады. Машина жасау, жер қойнауын пайдалану, мұнай өңдеу, энергия үнемдеу, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, фармацевтика және басқа да салаларда өзара тиімді ынтымақтастықтың дәстүрлі тәжірибесі қалыптасты.

Форумға қатысушылар атап өткендей, француз компаниялары Қазақстанға капитал салу мәселесіне жоғары қызығушылық танытуда. Бұл – Еуразия континенті елдерін байланыстыратын стратегиялық дәліз. Француз іскерлік орталарының өкілдері берген бағаға сәйкес, Қазақстан Францияның Орталық Азиядағы сенімді серіктесі, екі ел арасында өзара тиімді ынтымақтастық тәжірибесі қалыптасқан.

Инвестициялық форум барысында AirLiquideKarabatanTechGases және KazakhstanPetrochemicalIndustries (KPI) арасында техникалық газды жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылды. Келісімшарт «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында құрғақ сығылған ауа мен азотты өндіретін қондырғының құрылысын және оны Біріктірілген газ-химиялық кешенге жеткізуді көздейді. Осындай құжатқа қол қою, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қазақстандық мұнай компаниясымен бірлескен кәсіпорын шеңберінде AirLiquide компаниясының Қазақстандағы қызметін дамытуда кезекті қадам болды.

Сондай-ақ, форум шеңберінде энергетика, мал шаруашылығы, минералдарды өндіру, мұнай-газ өнеркәсібі, өндірістерді цифрландыру мен автоматтандыру салаларын қамтитын компаниялармен 10-ға жуық екіжақты кездесу өткізілді. Оның ішінде: IDEMIA, AIRBUS GROUP, CNCR Group, ORANO MINING, BureauVeritas, IFP EnergiesNouvelles және тағы басқалары бар.

Бүгін Франция Қазақстанның негізгі сауда-инвестициялық серіктестерінің бестігіне кіреді. Осы жылдары өзара тауар айналымы $50 млрд дейін жетті. Сонымен қатар, уран, мұнай-газ, титан өнеркәсібінде, көліктік машина жасау, құрылыс материалдарын, азық-түлік өнімін өндіру және басқа да салаларда бірқатар ірі бірлескен инвестициялық жобалар іске асырылды, бұл соңғы 14 жылда $15,6 млрд көлемінде француз инвестицияларын тартуға мүмкіндік берді. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен барлығы 130-дан астам компания жұмыс жасайды.

Осындай жақсы нәтижелерге қарамастан, экономикалық саладағы екіжақты серіктестікті кеңейтіп тереңдету үшін айтарлықтай әлеует бар, әсіресе Қазақстан мен Франция Президенттері айқындаған үш басым секторда: баламалы энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру.

Роман Скляр сөзін қорытындылай келе бүгінгі Қазақстан — бұл бизнесті тиімді жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер мен зор әлеует екенін атап өтті. Біздің ел инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған дәйекті түрде реформалар жүргізуде, кәсіпкерлермен ашық диалог қамтамасыз етуде және инвестицияларды тарту үшін инфрақұрылымды жетілдіруде. Бұдан өзге, Қазақстан бизнес жүргізу үшін ең жақсы шарттар ұсынады және сауда-саттық жасап, жоғарғы қосылған құнымен экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті өндірістерді құруға инвестиция салуға дайын француз серіктестерін тартуға мүдделі.