«СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп азаматтарды дәріханалардан дәрі-дәрмекті артық сатып алмауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, дәріні қажетті көлемнен артық сатып алу – дәріханаларда тапшылықты туындатып отыр.
«Әр өңірде учаскелік дәрігер бар. Сол дәрігерден кеңес алып, дәрі-дәрмекті тек керекті жерде, орынды түрде қолдану керек. Өйткені дәріханалардағы тапшылық – ең бастысы, кейбір адамдардың дәріні артық сатып алуынан туындап отыр. Денсаулық сақтау министрлігі алдын ала дәріханаларға жеткізілетін препараттардың санын көріп отыр. Адамдар амбулаториялық жағдайда емделсе де дәрі қоры жеткілікті болуы керек. Бірақ азаматтардың дәрі-дәрмекті бақылаусыз көптеп сатып алуы, әрине тапшылыққа әкелді. Өзің ауырмасаң – туған-туысқаның, бауырың ауырып жатыр. Дәрі-дәрмекті орынды қолданып-ақ оларға көмек көрсете алар едік», - деді Берік Шәріп «Qazaq radiosy»-на берген сұхбатында.
Еске сала кетсек, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова дәріханалардан кейбір препаратты халық жаппай сатып алып кеткенін хабарлаған еді.
«Негізгісі ыстық түсіретін – парацетамол. Жалпы біздің елде парацетамолдың 80 түрі барын атап өткім келеді. Ол таблетка күйінде де, сироп мен свеча күйінде де сатылып жатыр», - деді вице-министр.