10 қар, 2020 сағат 12:10

«СҚ-Фармация» басшысы гуманитарлық көмекті үлестіру тәртібін айтты

«СҚ-Фармация» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев өңірлерде дәрі-дәрмек қорына қатысты мониторинг жүргізілгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы қазан айының екінші онкүндігінен бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ барлық 14 облыс орталықтарында жұртшылықтың, БАҚ-тың қатысуымен дәрілік заттардың, оның ішінде 2 айлық төмендетілмейтін қордың болуына мониторинг жүргізді. Медицина қызметкерлеріне арналған жеке қорғану құралдарын жергілікті атқарушы органдар Үкімет резервінің қаражатынан дербес сатып алды және 3 айлық қор құрылды. Жергілікті атқарушы органдар тұрақтандыру қорлары қаражатынан қосымша жеке қорғану құралдарын сатып алды», - деп түсіндірді Е. Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Сонымен қатар, Үкімет гуманитарлық көмек аясында алынған бір рет қолданылатын 400 мың қорғаныш костюмі көлемінен жеке қорғану құралдары резервін құру мәселесін қосымша пысықтады. Бұл көлем коронавирустың ықтимал жаңа толқыны жағдайында пайдалану үшін қосымша резерв ретінде Бірыңғай дистрибьютордың 4 ХАБында сақталатын болады.

«Гуманитарлық көмекті бөлу мәселесіне тоқталғым келеді. Гуманитарлық жүктерді кідіртуге жол бермеу жөніндегі шұғыл іс-шараларды жүргізу аясында елге жіберілетін гуманитарлық жүк бойынша құжаттар жіберілетін кезде алдын ала хабардар ету моделі әзірленіп, енгізілді. Осыған байланысты гуманитарлық көмек мәселелеріне жетекшілік ететін жауапты тұлғалардың (ҚР ДСМ, СІМ, кеден қызметі, авиакөлік компаниялары, әуежайлар мен әкімдіктер) тізімі қалыптастырылды. Жұртшылық пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қатысуымен дәрі-дәрмектерді бөлудің ашық мониторингі қамтамасыз етілді. Гуманитарлық жүктердің келуі, сондай-ақ өңірлерге медициналық ұйымдарға дейін жөнелту жөніндегі барлық ақпарат жарияланады және «СҚ-Фармация» сайтында күн сайын жаңартылып отырады», - деді Ерхат Есқалиев.