25-26 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 12-ші халықаралық кездесу өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана форматында бұрын өткен сирияаралық келіссөздерге ұқсас, алдағы кездесуде Иран, Ресей мен Түркия, Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдері, сондай-ақ БҰҰ мен Иорданияның бақылаушылар деңгейіндегі делегациялар қатысады.
Келіссөздердің кезекті раунды Сирия бағытында ең өзекті мәселелерді, соның ішінде Идлиб провинциясы мен Сирияның солтүстік-шығысындағы қазіргі ахуалды, қақтығысушы тараптар арасындағы сенімді одан әрі нығайтуға бағытталған шараларды, сондай-ақ босқындар мен ел ішіндегі қоныс аударған адамдарды қайтаруға қолғабыс көрсету, гуманитарлық жағдайды жақсарту және елді қақтығыстан кейінгі қайта қалпына келтіру мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, алдын ала күн тәртібіне сәйкес, Сирия бойынша конституциялық комиссияны құру және іске қосу бойынша жұмысты аяқтауға баса назар аудара отырып, саяси процесті одан әрі ілгерлету жолдарын талқылау, сондай-ақ Астана процесіне жаңа бақылаушы мемлекеттердің қосылу мәселесі қарастырылады.
25 сәуірде Астана процесінің кепілгер елдерінің екіжақты және үшжақты консультациялары, сондай-ақ байқаушы тараптарының өкілдерімен кездесулері, ал жалпы отырыс 26 сәуірде өтеді.
Сонымен бірге, Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 12-ші халықаралық кездесу шеңберінде Тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін табыстау және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының 8-ші отырысын өткізу жоспарланып отырғанын ескере отырып, аталған отырысқа қатысу үшін БҰҰ босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының және Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің өкілдеріне тиісті шақырулар жолданады.