02 мам, 2023 сағат 21:36

СІМ "Ресей агрессиясы" туралы айтылған БҰҰ қарарына қатысты Қазақстан ұстанымын түсіндірді

Фото: un.org

ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның БҰҰ-ның Ресей басқыншылығын сынайтын қарарына қатысты ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингіде журналистер БҰҰ-ның Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы туралы айтылған қарарын Қазақстанның қолдағанына қатысты түсінік беруді сұрады.

"26 сәуірде Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында "БҰҰ мен Еуропа кеңесінің серіктестігі" атты қарар қабылданды. Бұл қарар БҰҰ Бас Ассамблеясында 2000 жылдан бері БҰҰ-ның аймақтық ұйымдармен серіктестігі туралы күн тәртібіндегі мәселе бойынша тұрақты түрде қаралып келеді", - деді CІМ ресми өкілі Айбек Смадияров. 

Смадияровтың айтуынша, бұл әрқашан консенсус негізінде дауыс берусіз қабылданған. Алайда биыл олар басқаша дауыс беру туралы шешім қабылдаған. 

"Осы қарар жобасының кіріспе бөлігіне Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясынан кейін және оған дейін Грузияға қарсы Еуропаның алдында тұрған сын - қатерлерге және Ресейдің Еуропа Кеңесіне мүшелігін тоқтатуға байланысты БҰҰ мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі туралы тармақ енгізілді. Бұл кіріспе бөлімге енгізілген кіріспесі болды. Құжаттың авторлары - Ирландия және Исландия. Олар қарарды қабылдамас бұрын алдын ала консультациялар арқылы ұсынып, алдын ала консультациялар өткізді. Олар бұл консультацияларда ресейлік әріптестерімен ортақ пікірге келе алмады. Әрине, Ресей делегациясы осы параграф бойынша жеке дауыс беруді сұрады", - деді ол.

Жеке дауыс беру қорытындысы бойынша кіріспе параграфты 81-і "жақтап", 10-ы "қарсы" дауыс берді және 48-і қалыс қалды.

"Осы тармақтың саясиландырылғанын ескере отырып, Қазақстан делегациясы дауыс беруден қалыс қалды. Жалпы қарар бойынша Қазақстан делегациясы "жақтап" дауыс берді. Өйткені БҰҰ мен Кеңес арасындағы серіктестік туралы қарарға Еуропаның және осы қарарға енгізілген барлық 38 тармақ екі халықаралық ұйымның ынтымақтастығына арналған, тек Ресей мен Украина арасындағы мәселеге емес", - деді СІМ ресми өкілі.

Смадияров Қазақстанның БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына негізделген қақтығысты шешудің дипломатиялық жолын қатаң ұстанатынын айтты.

"Осы қарарға Қазақстанның дауыс беруі Ресей-Украина қақтығысына қатысты біздің ұстанымымызды көрсетпейді. Қазақстан мұндай қарарлар екі елдің арасындағы өзара түсіністікке ықпал етпейтініне сенімді. Жалпы БҰҰ платформасы мемлекеттер арасындағы текетірестің орны емес, диалог пен келіссөздердің негізгі құралы болуы керек деп есептейміз", - деп толықтырды министрліктің ресми өкілі.

Еске салайық, Қазақстан мен Қытай БҰҰ Бас Ассамблеясында Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынайтын тұсы бар қарарды жақтап дауыс берді.

Дауыс беру 26 сәуірде өткен. "БҰҰ мен Еуропа кеңесінің серіктестігі" туралы қарарды 122 ел қолдаған. Олардың қатарында Ресейдің серіктесі деп есептелетін Армения, Бразилия және Үндістан да бар.

Резолюцияда "Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағаны", "бұған дейін Грузияға агрессия көрсеткені", "Ресейдің құрбандарға шығынды өтеу міндеті" жайлы айтылады.