26 мау, 2023 сағат 18:14

СІМ Назарбаев пен Лукашенконың телефон арқылы сөйлесуіне қатысты пікір білдірді

Фото: Akorda.kz

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Беларусь басшысымен телефон арқылы тілдесуіне қатысты қатысты пікір білдірді, деп хабарлады "Ұлт ақпарат".

"Біз ол ақпаратты көрдік. Әрине, Беларусь президенті - біздің экс-президентіміздің баяғыдан келе жатқан серіктесі. Сондықтан оларда талқылайтын тақырып көп.

Дегенмен, өздеріңіз білетіндей, сыртқы саясатты, оның ішінде шет мемлекеттермен қарым-қатынасты айқындау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құзыретінде. Сондықтан Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасы тек қазіргі мемлекет басшылары арасында талқыланады", - деді Смадияров брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасындағы қарым-қатынас стратегиялық сипатқа ие.

«Күн тәртібінде проблемалық мәселелер жоқ. Екі ел арасында барлық деңгейдегі тұрақты және әртүрлі байланыс сақталады», - дейді ол.

Еске салайық, Беларусь президенті баспасөз қызметінің Telegram-арнасы жексенбіде түстен кейін Александр Лукашенко Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп, халықаралық жағдайды, аймақтағы жағдайды және Беларусь-Қазақстан қарым-қатынастарын талқылағанын хабарлаған еді.