ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумының «Өзара ынтымақтастық үшін бірлескен іс-қимыл» сессиясында Еуразияның транзиттік-көлік әлеуетін дамытудағы Қазақстанның рөліне жоғары баға берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.
«Қазақстан инфрақұрылымдық құрылысты дамытуда белсенді рөл ойнап, көп көңіл бөлуде, трансшекаралық көлік-логистикалық жүйені қалыптастыруға жоғары деңгейде атсалысып жатыр», - деді Қытай көшбасшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзіне пікір білдіре отырып.
Си Цзиньпин Қазақстан белсенді түрде қолдау танытып отырса, Еуразиядағы инфрақұрылымның сабақтастық деңгейі жоғарылап, «Жаңа Еуразиядағы құрлықтық көпірдің» логистикалық және көліктік әлеуеті тұтасымен дамитынына сенім білдірді.
Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі форумға қатысуымен қатар, ҚХР-ға екі күндік ресми сапармен келді.