Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Таяу Шығыста болып жатқан оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, барлық тараптарды шиеленістің барынша тиімді саяси-дипломатиялық шешімін табуға шақырады. Бұл туралы ШЫҰ бас хатшысы Владимир Норов Қытай Халық Республикасындағы Иран елшісі Кешаварз-Задемен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өңірде болып жатқан оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, барлық тараптарды шиеленістің тиімді саяси-дипломатиялық шешімін табу жолында барынша ұстамдылық танытуға, сондай-ақ Таяу Шығыстағы шиеленістің одан әрі ушығуына жол бермеуге шақырамыз», - деп атап өтті ШЫҰ бас хатшысы.
В. Норов ШЫҰ халықаралық қатынастарда күш қолданудың кез келген түріне қарсы екенін жеткізіп, БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаты егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеу екенін атап өтті.
«ШЫҰ БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына берік ұстану, барлық мәселелерді өзара консультациялар негізінде шешу, ішкі істерге араласпау, аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу, әскери күш қолданбау немесе күшпен қорқытпау, біржақты әскери үстемдіктен бас тарту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бағытталған халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормалары негізінде шешу қажеттігін дәйекті түрде атап өтеді», - деп түйіндеді ШЫҰ бас хатшысы.