ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары терроризмге қарсы күрес туралы бірлескен мәлімдеме қабылдайды. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан ұйым саммиті барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Елбасы өз сөзінде ШЫҰ-ның бүгінгі қызметі геосаясаттағы соңғы тенденцияларды, әлемдік экономикадағы базалық трендтерді ескеретіндігін атап өтті. Барлық бірлескен шешімдерді тиімді жүзеге асыру барысындағы негізгі мақсаттарға рет-ретімен қол жеткізуге бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты.
«Жаңа сын-қатерлерге, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатысты мәселелерге айрықша мән беріледі. Мәселен, осы саммит аясында халықаралық терроризмге бірлесіп қарсы тұру жөніндегі мәлімдеме қабылдау, сонымен қатар экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенцияға қол қою жоспарланған. Бұл осынау жаһандық зұлымдыққа күрестегі ШЫҰ-ның маңызды үлесі болады», - деді Қазақстан Президенті.
Мұнан бөлек, Мемлекет басшысы отырыстың күн тәртібінде тек ұйым үшін ғана емес сонымен бірге халықаралық қоғамдастық үшін де маңызды бірқатар мәселенің қаралатындығын атап өтті.
Айта кетерлігі қазіргі уақытта шағын құрамдағы отырыс жабық өтуде. Оған ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысуда.