05 қар, 2019 сағат 14:50

ШЫҰ 2035 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын бекітті

Ташкенте Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) отырысы болып, онда экономикалық қызметтесудің 2035 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы бекітілді. Бұл туралы ұйымның бас хатшысы Владимир Норов хабарлады, деп жазды «Курсив» басылымы.

Қолданыстағы стратегия 2003 жылдан 2023 жылға дейінгі мерзімге жасалған болатын, қазір оның аяқталатын кезі де жақындап қалды. Жаңа жоба оны кезең-кезеңмен жүзеге асыруға арналған. Владимир Норовтың айтуынша, 2025 жылға дейін ШЫҰ елдері инновациялық және «жасыл» технологияларды пайдаланатын бағдарламаларды дайындайды және жүзеге асыра бастайды. 2030 жылға дейін сауда мен инвестициялар саласындағы жаңа ережелерді дайындау, сондай-ақ қызметтер мен интернет-коммерцияны ілгерілету жоспарланып отыр.

Қорытынды кезеңде ұйым елдері бәсекелестікті көтеруге және интернет-технологияларды енгізу мен тауарлардың, капитал мен қызметтердің еркін қозғалуына жағдай жасау арқылы экономикалардың цифрлық жаңаруын қамтамасыз етуге бағыт алып отыр.

Ташкенттегі ШЫҰ-ның сессиясына баға берген Санкт-Петербургтегі Еуропалық университеттің профессоры, саяси ғылымдар докторы Григорий Голосов, «Курсивпен» болған әңгіме барысында, ұйым аясындағы уағдаластықтардың соншалықты нақтыланбайтындығын атап өткен.

ШЫҰ - 2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан көшбасшылары негізін қалаған халықаралық ұйым. 2017 жылдан оған Үндістан мен Пәкістан қосылды. ШЫҰ-да мемлекет басшылары, үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері кеңестері жұмыс істейді. Ұйымның негізгі мақсаттары: қауіпсіздікті және экономикалық дамуды қамтамасыз ету.