03 сәу, 2019 сағат 10:37

«Шыңырау» көркем фильмі «FIFF» кинофестивалінде

Жәнібек Жетіруовтың «Шыңырау» атты көркем фильмі халықаралық «FIFF» кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, фестиваль 2019 жылғы сәуірдің 18-26 аралығында Иранның астанасы Тегеранда өтеді.

Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді.

«Фильм кинофестиваль қазыларының талаптарына сай келіп қана қоймай, сонымен қатар көрермендердің де көңілінен шығатынына сенімдімін. Себебі фильмге арқау болған тың тақырып, құпия мен сырға толы касиетті Маңғыстаудың ғажайып табиғаты шығарманың бояуын қанықтырып, оған терең астар жүктеді», - деді фильмнің режиссері Жәнібек Жетіруов.

Аталған фильм Бангладештің Дакка қаласында өткен 17-ші ХКФ үздік операторлық жұмыс номинациясы бойынша жеңіске жеткен.

Анықтама:

  • Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ
  • Жылы: 2018
  • Тілі: Қазақ
  • Қоюшы режиссері: Жәнібек Жетіруов
  • Сценарий авторы: Жәнібек Жетіруов
  • Қоюшы операторы: Рифкат Ибрагимов
  • Қоюшы суретшісі: Мұрат Кәріпов
  • Композиторы: Арман Жайым