Ташкентте қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовқа Өзбекстанның халық жазушысы атағын беру ұсынылды, деп хабарлайды Кабар.
Мұндай ұсынысты танымал өзбек әдебиетшісі, «Манас» жырын өзбек тіліне аударушы және зерттеуші, «Өзбекстан-Қырғызстан» достық қоғамының атқарушы директоры Зухритдин Исамутинов жасады.
«Адамзаттың рухани мәдениетін, өзбек көркем әдебиетін дамытуға, сондай-ақ әлем халықтары арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Шыңғыс Айтматовқа «Өзбекстанның халық жазушысы» атағын беру әділ болар еді», - деді ол.
Президент Шавкат Мирзиёев сәуірде ұлы жазушы және қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын Өзбекстанда атап өту туралы қаулы қабылдаған болатын.