Нұрлан Сауранбаев ҚР Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Өкімімен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды" делінген ресми хабарламада.
Н.Е.Сауранбаев 1967 жылы 20 мамырда туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі - экономист.
Еңбек жолын 1991 жылы Астана қаласында «Еңбек» компаниясының бас директоры болып бастаған.
1997-2002 жылдары Қазақстанның кәсіпкерлер конгрессінің атқарушы директоры, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның «Жолаушылар тасымалы» еншілес кәсіпорын директоры, «АНПЗ» ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті ретінде еңбек еткен.
2002-2016 жылдары «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Инжинирингтік және сервистік қызметтер департаментінің директоры, Мұнайды тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры, Сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымдарын атқарған.
2017 жылдың ақпан айынан бастап ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін әзірлеу және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы лауазымын атқарды.
2017 жылдың қараша айында Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалып, 2018 жылдың маусымына дейін қызмет еткен болатын.
«Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған.