08 ақп, 2024 сағат 17:16

Шымкенттік шенеунікті жиын үстінде ұстап әкету әкімнің идеясы болатын - Антикор


Фото: видеодан алынған кадр

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов шымкенттік шенеуніктің әкімдік жиынында тұтқындалуы туралы пікір білдірді, - «Ұлт ақпарат» Kazinformға сілтеме жасап.

«Шымкент әкімі қатысып отырған жиын үстінен тараған көріністі қазақстандықтар қызу талқылап жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спектакльге айналып барады деп ойламайсыз ба?» деп сұрады журналист.

Агенттік өкілі бұл оқиға ведомствода қаралғанын айтты.

«Аталған оқиғаны қарадық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бүкіл жерде ашық жұмыс істеп келеді. Тергеу органдары жіберетін шақырудың кез келгені мақұлдау арқылы іске асады. Осы тұрғыдан алсақ, аумақтық органымыз бұл жағдайды жергілікті атқарушы органның басшысы – әкіммен бірлесіп мақұлданған. Бұл қала әкімінің бастамасы болса керек», - деді Саян Ахметжанов.

Еске салсақ, әлеуметтік желіде Шымкент қаласының әкімі жиын үстінде қоластындағы шенеунікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне ұстатып жібергені туралы видео тараған болатын.

 

- Жемқорлықтың салдарынан мемлекет тарапынан бастау алған көптеген жобалардың халыққа пайдасы тиісті деңгейде тимей келгенін бәріміз білеміз. Отанымыздың қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жүйелі шараларға тікелей байланысты екенін атап көрсеткен Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сай бұл саладағы жұмыстар барынша күшейтіліп, өз жемісін беріп жатыр.

 

- Әр мемлекеттік қызметші өз қызметінде ең алдымен халықтың игілігін ойлап, соған сүйене шешім қабылдауы керек. Сондықтан алғашқы күннен бастап әкімдік және әкімдікке қарасты мекеме қызметкерлеріне осы туралы айтып келе жатырмын. Жіберілген кемшілік пен жасалған қатенің ең өрескелі, еш кешірілмесі - халық аманатына қол сұғу. Мұндай әрекеттерге көз жұмып қарай алмайтынымды бес ай бойы барша әріптестеріме үздіксіз ескертумен келемін. Бұл мәселені құқық қорғау органдарының өкілдерімен де бірнеше мәрте талқылаған болатынбыз.

 

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің тарапынан қалалық басқармалардың бірінде басшы лауазымдағы азаматтың іс-әрекеттері күдік тудырғаны анықталған. Осыған орай, әкімдіктің бүгінгі аппараттық мәжілісі үстінде аталған азаматты тергеу жұмыстары жүргізілетін уақыт аралығына қамаққа алу мүмкіндігі берілді. Көпшіліктің көз алдында орын алған бұл жағдай сол жиынға қатысқан әкімдіктің басшылық құрамымен қатар барша қызметкерлерге ой салар деп білемін. Әр нәрсенің сұрауы барын, бірінші кезекте сұрау салар адам бар екенін әріптестерімнің ұмытпағаны жөн. Мұндайдан арашалап, қорғап қалар ешкім болмайды. Тек қана еңбекті адал атқарып, міндетімізді абыройлы орындап, ел алғысына бөленуіміз қажет.

Басқарма бастығы сейсмикалық қауіпсіздікке бөлінген 120 млн теңгені жымқырды деп айыпталып отыр.