Шымкент қаласындағы №1 облыстық перинаталдық орталықтың жанындағы жеке дәріханада болған жарылыс салдарынан қаза болғандар саны артты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Өкінішке орай, 1979 жылы туған күзетші Б., 1980 жылы туған жұмысшы Ш. және 18 күн бұрын туған 1 сәби қайғылы оқиғаның құрбаны болды. Тағы 8 адам зардап шекті, олардың барлығы қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды.
Оқиға кезінде перинаталдық орталықта 189 науқас пен 65 қызметкер болған. Олардың барлығы Шымкенттің басқа медициналық ұйымдарына көшірілді.
Психологтар тобының жұмысы ұйымдастырылды. Бұдан басқа Түркістан облысы бойынша жүкті және жаңа туған нәрестелерді бағыттауды ұйымдастыру мен өзгерту бойынша жұмыстар шұғыл түрде жүзеге асырылып жатыр.
Медициналық қызметкерлер бригадалары ауылда перинаталдық көмек көрсету үшін аудандық ауруханаларға жіберіледі, себебі, №1 ОПО 3-ші деңгейдегі функцияларды орындап, облыстың 7 ауданынан жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерді емдеуге жатқызуды жүзеге асырды" - делінген хабарламада.
Зардап шеккендерге А.Сызғанов атындағы ҰҒХО дәрігерлері кеңес беріп жатыр.
"Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасын уақытша өңірлендіру туралы тиісті бұйрық дайындалып, облыстық клиникалық ауруханада өңір әкімінің орынбасары бастаған жұмыс штабы құрылды.
Жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында тұр, оқиға орнына ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы барды.
Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Зардап шеккендерге көмек көрсету және осы қайғылы оқиғаны тергеу үшін ведомство барлық қажетті шараларды қабылдайды" - дейді министрлік өкілдері.
Айта кетейік, бүгін Шымкент қаласында аурухананы қажетті препараттармен қамтамасыз ететін дәріханада жарылыс болды.
"Межболничная 138 аптека" ЖШС-іне тиесілі ғимараттың жалпы ауданы – 360 шаршы метр. Тілсіз жау 55 шаршы метрге шарпыған. Жарылыстың салдарынан ғимараттың 130 шаршы метрі қирады.
Жақын тұрған бес қабаттың үйдегі пәтердің терезелері мен балконы бұзылды. Сондай-ақ, 7 көлікке зақым келді. Облыстық перинаталдық орталықта болған барлық адам басқа жерлерге көшірілді. Олардың ішінде жүкті әйелдер, балалар және медицина қызметкерлері бар.