11 қаң, 2022 сағат 19:13

Шымкенттегі тәртіпсіздік кезінде «Метро» сауда үйін тонаушылар ұсталды


Шымкенттегі тәртіпсіздік кезінде «Метро» сауда үйін тонаушылар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Нұрсәт-3 шағынауданында орналасқан жалдамалы пәтерлердің бірінде оқиғаға қатысы бар 4 күдікті ұсталды. Олар 2001 және 2002 жылғы Түркістан облысының тұрғындары болып шықты.

«Күдіктілерден айғақты зат ретінде «Метро» сауда орталығынан ұрланған тауарлар тәркіленді. Аталған азаматтарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - деді Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов.

Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында сауда орталығының заттарын ұрлаған 1995 жылғы тұрғынды ұстады. Күдікті ұрланған заттарын өзі жұмыс істейтін көлік жуу орнының демалыс бөлмесінде жасырған. Ұрланған тауарлардан бөлек, бөлмеде ерекше иісі бар зат пен ішінде сары сұйықтығы бар кесілген пластикалық бөтелке және кастет табылды.

Қазіргі таңда жайттар бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.