Фото: Шымкент қаласының әкімдігі
2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен «Орталық су-спорт кешені» МКҚК сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Нысанның нарықтық құны 1 млрд 213 млн 700 мың теңгені құрады. Электронды сауда нәтижесінде жеңімпаз атанған «GRAND TRUST» ЖШС-мен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасалды. Келісімшартқа сәйкес, сенімгерлік басқарушы нысанға 500 млн теңге инвестиция салып, салықтық міндеттемелерін уақытылы орындауға тиіс болған.
Алайда, Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, келісімшарт талаптары орындалмаған.
- Басқарушы компанияның міндеттерін адал орындамауы салдарынан бүгінде ғимарат пайдалануға жарамсыз күйге түсті. Қабырғалары жарылған, кейбір еден жабындары опырылған. Алдын ала тексеру барысында кешеннің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні және оны пайдалану азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні анықталды, - делінген әкімдік ақпаратында.
«GRAND TRUST» ЖШС директоры Садықов Ақнұр Смаилұлының басшылығымен сенімгерлік басқарушы компания жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржыландырылып отырды. 2018-2024 жылдар аралығында ғимаратты ұстау және су спорты түрлері бойынша спортшыларды даярлау үшін 1 млрд 218 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Сонымен қатар, 2021-2024 жылдар аралығында мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру аясында Орталық су-спорт кешенінде жұмыс істеген «Су спорты түрлері орталығы» ЖШС жалпы сомасы 335 миллион теңге көлемінде қаражат алған.
- Компанияның бюджетке салықтық міндеттемелер бойынша 111 млн теңгеден астам қарызы және сот шешіміне сәйкес шамамен 179 млн теңге қарызы бар. Осыған байланысты Шымкент қаласы әкімдігі «GRAND TRUST» ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару келісімшартын бұзу туралы талап арыз берді. Арызды Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық соты қанағаттандырды. Айта кету керек, тексерулердің қорытындысы бойынша барлық материалдар жағдайды талдау және құқықтық бағалау үшін тиісті органдарға беріледі,-делінген Шымкент әкімдігінің ақпаратында.
Биыл «Орталық су-спорт кешеніне» күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте сапасыз салынған 1,4 млн теңгенің жол жабыны қайта төселгенін жазған болатынбыз.