08 сәу, 2026 сағат 11:54

Шымкентте киберполиция ірі интернет-алаяқтықтың жолын кесті: зейнеткерге 9 млн теңге қайтарылды

Фото: ашық дереккөз

Шымкентте полиция ірі интернет-алаяқтық дерегінің алдын алып, қарт тұрғынға ұрланған қаражатын қайтаруға көмектесті, деп хабарлайды Ult.kz.

Алаяқтар зейнеткерге хабарласып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Психологиялық қысым жасап, түрлі айла-тәсілдерді қолданып, әйелді құпия деректерін айтуға және белгілі бір әрекеттер жасауға көндірген. Соның салдарынан оның банктік шотынан қомақты қаржы заңсыз аударылған.

Жәбірленушінің арызына жедел әрекет еткен киберполиция қызметкерлері қажетті іс-шаралар кешенін жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ақша аударылған арна дер кезінде анықталып, қаражаттың әрі қарай қолма-қол ақшаға айналдырылуына жол берілмеді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жәбірленушіге 9 млн теңгені қайтарып берді.

Полицейлер мұндай қылмыстардың, әсіресе, егде жастағы азаматтарға қатысты жиі кездесетінін атап өтеді. Осыған байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырады. Жеке деректерді, SMS-кодтарды және банк картасының мәліметтерін ешкімге жария етпеу қажет. Күдікті қоңырау түскен жағдайда дереу полицияға хабарласыңыз.