08 сәу, 2026 сағат 12:35

Енесін алдаған келін: жасырын несие үшін сот алдында жауап берді

 

Фото: polisia.kz


Жамбыл облысында келін енесінің атына оның рұқсатынсыз несие рәсімдеп, алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Сотта анықталғандай, 2025 жылдың қарашасында айыпталушы өз атына несие ала алмаған соң, белгісіз адамның көмегімен қайын енесінің атынан қарыз рәсімдеуге барған. Ол енесінің телефонын пайдаланып, SMS арқылы келген растау кодтарын енгізіп, бет-әлпетті онлайн тексеруден алдап өткен.

 

Нәтижесінде келін 1,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, ақшаның басым бөлігін жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Ал енесі қарыз туралы тек ай сайын төлем жасау туралы хабарламалар келгенде ғана білген.

 

Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Прокурор бір жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот оның өкінуі мен жас балалары барын ескеріп, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

 

Сот шешімі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша шығарылды. Сонымен қатар сот жәбірленушінің 1,5 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынын толық өндіріп беру туралы талабын қанағаттандырды.