29 қар, 2020 сағат 14:48

Шымкентте бокстан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті

Шымкент қаласында ерлер және әйелдер арасында өткен бокстан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлемде «қазақтардың салмағы» атанып кеткен 69 келіде қарағандылық Абылайхан Жүсіпов пен жамбылдық Асланбек Шымбергенов рингке шықты.

Екеуі де – халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген спортшылар. Абылайхан әлем біріншілігінде екі мәрте қола медальді жеңіп алса, Асланбек – Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

Бұл кездесуде Асланбектің қабағы жарылып кетіп, жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталып, жеңіс А.Жүсіповке берілді.

Есесіне 75 кг салмақта тағы бір жамбылдық Әбілхан Аманқұл атыраулық Нұрқанат Райысты ұтып, жеңімпаз атанды.

91 кг салмақта қос елордалық боксшы Айбек Оралбай мен Сағындық Тоғамбай финалда жұдырықтасты. Бір қызығы, екеуінің бапкерлері де бір, Асқар Еркебаев екен. 

Бұл жолы А.Оралбай жеңіс тұғырына көтерілді. Осы салмақта Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит сырқаттанып қалуына байланысты жарысқа қатысқан жоқ. 

Аса ауыр салмақта Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев түркістандық Нұрлан Сапарбайды жеңді.

63 кг салмақта ақмолалық Ерсұлтан Болат финалда рингке шықпағандықтан, жеңіс Алматы облысының өкілі Ертуған Зейнуллиновке берілді.

Осылайша Қазақстан чемпионаты мәреге жетті, оған олимпиада лицензиясына ие болған боксшылардың да қатысуы дода деңгейінің жоғары екендігін танытты. Күтпеген нәтижелер де болмай қалған жоқ. Бірқатар жас боксшылар атақты спортшыларды жолдан тайдырды.

«Олимпиадаға жолдама алған бес боксшымыз жеңімпаз атанып, сол лицензияға лайық екендігін көрсетті. Өкінішке қарай, Зәкір Сафиуллин жарақатына байланысты шешуші бәсекеге қатыса алмады. Василий Левит те жарыстан тыс қалды. Осы чемпионатта жастар жақсы көрінді. Әсіресе, 52 кг салмақта бәсекелестік күшті болды. Жас боксшы Махмұд Сабырхан жолдама иегері Сәкен Бибосыновтан басым түсті. Сондай-ақ 49 кг салмақта 18 жастағы батысқазақстандық Даниял Сәбит аса тәжірибелі боксшы Теміртас Жүсіповті 5:0 есебімен ұтып, көңілімізден шықты. Енді Токио олимпиадасына жарты жылдай уақыт қалды. Басты мақсат – соған мықтап дайындалу», дейді Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.

Әйелдер арасында жалпыкомандалық есепте Нұр-Сұлтан қаласы (3 алтын, 2 күміс, 1 қола) көш бастаса, Қостанай облысы (2 алтын, 1 қола) екінші, шымкенттіктер (1 алтын, 3 күміс) үшінші орынға ие болды.