Шымкентте Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен қалалық мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, олар Абай мұражайында болып, танымдық экскурсия жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалада 1995 жылы ұлы ойшылды өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеу мақсатында әрі Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында саябақ алдына ескерткіші орнатылған болатын. Бұдан өзге, Шымкентте Абай Құнанбайұлының есімі берілген аудан мен даңғыл, кітапхана, мұражай, саябақ бар. Нақтырақ айтқанда, 2004 жылы «Шымкент қаласында аудандар құру туралы» Шымкент қалалық мәслихатының шешімі және әкімдік қаулысымен Абай ауданы құрылды. Аумағы 50 мың гектарға жуық жерді алатын ауданда 323 мыңға жуық тұрғын қоныстанған. Ал, ұзындығы 2 шақырымға созылатын даңғылға Абай есімі 1990 жылы берілген. Сондай-ақ, 1964 жылы құрылған қалалық орталық кітапханаға 2005 жылы ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес Абай есімі берілген.
Шымкенттіктердің сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген қазіргі Абай саябағы - 1967 жылы «50 лет Октября» саябағы болып ашылған еді. Ол 1991 жылы 23 мамырда қазақтың ұлы ақыны Абайдың есіміне өзгертілген. Онда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған аллея, үлкен даңқ мемориалы, субұрқақ, шағын сәулет нысандары және мерекелік іс-шаралар өткізуге арналған сахна бар. Сонымен қатар, 2009 жылдың 22 қыркүйегінде Абай саябағынан Хакім Абай мұражайы ашылған.