27 ақп, 2026 сағат 10:58

Шымкентте 7 жастағы оқушыға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттер жасады деген күдікпен мұғалім тергелуде


Фото: Ашық дереккөзден
 Шымкентте 7 жастағы оқушыға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттер жасады деген күдікпен мұғалім тергелуде екені туралы ақпарат Криминальный Казахстан telegram арансында шыққан. Оқиға 25 ақпанда оқу процесі кезінде болған. Жәбірленуші қыздың анасының айтуынша, қызы үйге жабырқаулы күйде оралып, денесінің ауырғанын айтқан. Кейін бала 36 жастағы мұғалімнің оны күштеп тізесіне отырғызып, жіберуін өтінгеніне қарамастан әдепсіз әрекеттер жасағанын айтқан, деп хабарлайды Ult.kz.

«“Мама, төменгі жағым ауырып тұр. Мұғалім партама келіп, басымды өзінің төменгі тұсына қысты. Аузыма қатты нәрсе тиді”, — деді ол. Ол қызымды алдына отырғызып, ұстап-сипалаған. Өзінің мүшесін киімнің сыртынан қысып тұрған. Қызым тұрғысы келгенде, жібермеген. Тіпті “Жіберіңізші, маған ауырды” дегенде де, қолынан қатты ұстап, босатпаған», — дейді анасы.


Ата-анасы жағдайды анықтауға тырысқан кезде мектеп әкімшілігі қарсылық көрсеткен. Мәліметке сәйкес, директор бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көрсетуден үзілді-кесілді бас тартқан. Соның салдарынан жанжал туындап, төбелес болған. Анасының айтуынша, осы кезде баланың әкесі зардап шеккен.

Бейнежазбаларды тек полиция шақырылып, тиісті департаментке жүгінгеннен кейін ғана алу мүмкін болған. Кадрлар педагогтің қарсылық білдірген қызды күштеп тізесіне отырғызғанын растады. Ал мұғалім ата-аналармен кездескен кезде нақты түсініктеме бере алмай, жылап қана отырған.

Шымкент қалалық Полиция департаментінде ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы бойынша құқықбұзушылық тіркелгені ресми түрде расталды. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті сараптамалар мен тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Tengrinews.kz редакциясы түсініктеме алу үшін Шымкент қаласының полициясына жүгінген екен. Ведомствоның хабарлауынша, әйелдің кәмелетке толмаған қызына тиіскені туралы арызы негізінде қылмыстық іс қозғалған.

«Қыз балаға қатысты заңға қайшы әрекеттер жасады деген күдікпен Шымкент қаласының тұрғыны ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта тергеу-жедел тобы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізуде. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, ықтимал куәгерлер мен басқа да тұлғалардан жауап алынуда. Барлық уәждер тексеріліп, жиналған материалдар мен деректер талданып, салыстырылуда», – делінген Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.


Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында.

Полиция ескертеді: кез келген құқыққа қайшы әрекеттер, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар қатаң түрде тоқтатылады, ал кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке міндетті түрде тартылады. Бірде-бір құқықбұзушылық жазасыз қалмайды.