15 жел, 2025 сағат 10:39

Шымкентте 12 жеке сот орындаушысы мемлекеттік лицензиясынан айырылды

Фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру барысында жеке сот орындаушылары тарапынан бірқатар заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Атап айтқанда, борышкерлердің Қазақстан Республикасынан шығуына бұрын қойылған шектеулердің заңсыз алынып тасталғаны және атқарушылық іс жүргізудің негізсіз қозғалғаны белгілі болды. Кейбір жағдайларда жеке сот орындаушылары еңбек демалысында жүрген кезде олардың көмекшілері атқарушылық іс жүргізуді заңсыз бастаған.

Анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында Шымкент қаласының прокуратурасы Қазақстан Республикасының Әділет министрінің атына тиісті ұсыныс енгізді. Ұсынысты қарау нәтижесінде 85 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, олардың бір бөлігін лицензиясынан айыру туралы сотқа талап арыз берілді.

Сот шешімімен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің талап қоюы қанағаттандырылып, 12 жеке сот орындаушысы қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылды. Аталған сот актілері заңды күшіне енді.

Прокуратура органдары атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңдылықтың сақталуын тұрақты түрде бақылауда ұстайтынын және заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.