11 мам, 2021 сағат 12:37

Шығыс Қазақстан облысындағы өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды


Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«10 мамыр күні Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында ірі өрт болды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың нұсқауымен ШҚО тәртіп сақшылары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, халыққа көмек көрсетті. Алғашқы минуттан бастап полицейлер құтқарушыларға өртті сөндіру және өрт аймағынан адамдарды эвакуациялауға жәрдемдесіп жатыр. Риддер қалалық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына ауыстырылды және тиісті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полиция жасақтарының тығыздығы күшейтілді», - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрліктің апталық брифингісінде.

Оның айтуынша, түні бойы шағынауданда патрульдік қызмет экипаждары қойылып, қоршау ұйымдастырылған және мүлік ұрлау мен тонаудың алдын алу үшін бос тұрған үйлерде кезекшілік жасалған. 

Құтқару жұмыстарына 300-ден астам полиция қызметкері мен 40-қа жуық арнайы техника жұмылдырылған. Глубокое және Шемонаиха аудандарының полиция бөлімдері, ШҚО полиция департаментінің жедел ден қою арнайы бөлімшесі қызметкерлері өрт орнында көмектесіп жатыр. 

«Сонымен бірге, өрт фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 204-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр», - деді Нұрділдә Ораз.