Швецияның бас эпидемиологы Андерс Тегнелл коронавируспен күресте өзі ұсынған әдістің қате болғанын мойындады. Ол елде карантин жариялауға қарсы болған еді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бұл індет туралы қазір білетін мәліметтерімізді сол кезде білгенде біз қазіргі Швецияда жасалған іс-әрекеттер мен бүкіл әлемдегі карантиннің ортасындағы дара жолды ұстанатын едік», - деді Тегнелл Швед радиосына берген сұхбатында.
Эпидемиологтың пікірін өзгертуіне елде пандемиядан көз жұмғандардың тым көптігі себеп болды.
«Біздің Швецияда қолданған әдісімізді бұдан гөрі жетілдіріп, әлдеқайда жақсартуға болатын еді», - деп атап өтті ол.
Журналистің «Швецияда коронавирустан көп адам мезгілсіз қайтыс болды деп санайсыз ба?» деген сұрағына бас эпидемиолог «Иә, ол рас» деп жауап берді.
Айта кетейік, Джонс Хопкинс университеті таратқан мәліметке сенсек, Швецияда 40 803 адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 4542 адам қайтыс болды.