09 қаң, 2023 сағат 10:27

Швеция премьері: Түркияның шартын түгел орындау мүмкін емес

Фото: Reuters

Швецияның НАТО-ға қосылуы үшін Түркия қойып отырған шарттарды түгел орындау мүмкін емес. Бұл жөнінде Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон мәлімдеді. Ол Түркия Швецияның НАТО-ға қосылуына түбінде келісім беретініне сенімді екенін айтты.

Кристерссонның "Түркия өзі қойған шарттардың бәрін Швеция қазірдің өзінде орындады деп отыр. Бірақ тағы да шарт қойғысы келеді. Біз ол шарттарын орындай алмаймыз, орындағымыз да келмейді" деген сөзін Reuters агенттігі таратты. Бірақ ол нақты қандай шарттар қойғанын атамаған.

Көптеген жылдан бері бейтарап саясат ұстанып келе жатқан Швеция мен Финляндия 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң, мамыр айында НАТО-ға қосылғысы келетіні жөнінде өтініш жазған. НАТО-ға мүше болу үшін НАТО-ның 30 мүшесі түгел келісім беруге тиіс. Қазір 28 мемлекет келісіп отыр. Венгрия да таяуда хаттаманы бекітеді.

Алайда НАТО-ның тағы бір мүшесі Түркия Финляндия мен Швецияға шарт қойған. Оның бірі — күрд ұйымдарын террор ұйым деп жариялау, олардың жетекшілерін Түркияға беру.

Маусымның соңында НАТО-ның Мадридте өткен саммитінде үш ел бірлескен меморандумға қол қойған. Меморандум бойынша Швеция мен Финляндия өздеріне міндеттеме алған, Түркия олардың НАТО-ға қосылуына кедергі жасамауға уәде берген.

Өткен жылдың соңында Швеция Жоғарғы соты Анкара сұратқан түрік журналисін экстрадициялауға рұқсат бермеген. Түркия бұл журналисті төңкеріс жасауды ұйымдастыруға қатысқан деп есептейді.