20 қар, 2019 сағат 13:00

Швеция Джулиан Ассанждың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатты

Швеция прокуратурасы "зорлау" бабы бойынша айыпталған Уикиликс (WikiLeaks) жобасының негізін қалаушы Джулиан Ассанждың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатты.

Прокуратура өкілінің айтуынша, Ассанждың кінәлі екенін дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз болғандықтан іс сотқа жіберілмеген. Алайда прокуратура бұл шешімді апелляцияға беруге болатынын айтты.

Швеция 2010 жылы Ассанжға "зорлау" бабы бойынша айып таққан. Уикиликс жобасының авторы тағылған айыпты жоққа шығарған. Швеция Ұлыбританиядан Ассанжды экстрадициялауды талап етіп, ақырында Уикиликс жетекшісі Лондондағы Эквадор елшілігін паналауға мәжбүр болған. Эквадор билігі оған саяси баспана берді.

Елшілік ғимаратында жеті жылға жуық уақыт тұрған Ассанж биыл көктемде саяси тұтқын мәрбесінен айрылып, британ полициясының қолына түсті. Ол қазір Ұлыбританияда кепілдік шартын бұзғаны үшін түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ол сонымен бірге өзін АҚШ-қа экстрадициялау бойынша сот шешімін күтіп отыр.

"Құпия ақпараттарды жариялаумен" танымал болған Уикиликс жобасының авторы Джулиан Ассанжға АҚШ-та 17 айып тағылған. Олардың арасында "тыңшылық" бабы да бар. Заңгерлер оған 175 жыл жаза берілуі мүмкін деп болжайды.

АҚШ демократтарының серверінен ұрланған құжаттарды жариялау ісінде де Ассанждың аты аталады. Бұған дейін АҚШ-тың арнайы прокуроры Роберт Мюллер осы іс бойынша Ресейдің әскери барлау қызметін айыптаған.

Мамыр айының соңында БҰҰ-ның қысыммен күрес жөніндегі өкілі Нильс Мельцер Ассанждың түрмеде психологиялық қысым көріп отырғанын мәлімдеген. Мельцердің айтуынша, Уикиликс жетекшісінің айналадағы адамдардан қатты қауіптенетіні байқалған.

Ассанжды Эквадор елшілігінен шығарып, британ полициясы ұстағаннан кейін Швеция оның үстінен қозғалған қылмыстық істі қайта қолға алған. Алайда швед соты Лондоннан оны экстрадициялауды сұрамады.