Тәуелсіздікпен тұстас берекелі «Бастау»
Қағаз, қаламымды сайлап, «ал, бастайық» деп Темкеңе қарадым. Аңтарылып қалдым. Жанымдағы адам жанымнан ұзап кеткендей. Жанары жарқылдап, өзіне ғана мәлім қимас сезімнің жетегінде елжіреп отыр. Әншейінде аласапыран мінезді адамның ішкі құбылысы көрініп қалғанда әдемі сурет пайда болады екен. Мұндайды қазықтай қағылып, айтқанынан қайтпайтындарға қаратып айтамыз ғой.
Әңгімеміз «ал, бастайықтан» басталды. «Аласапыран жылдар еді, – дейді «Бастау» ЖШС директоры Темірхан Мұқышев жазық маңдайындағы өмір жолдары білінер-білінбес дір-дір етіп. Құламастай көрінген қоғам да қалжырайды екен. Уақыт өктемдігі Кеңес өкіметін тіршілік айдынынан заматта ығыстырып шығарды. Жай емес, көптеген қиындықтарды үйіп-төгіп кетті. Тал қармар шақтағы қиянатты айтсаңызшы. Қолға алынған саясаттың бәрі саяз болып шықты. Жылдар бойғы жүйе бұзылып, ел шеті сөгіле бастады. 1991 жыл еді. Әжептәуір озаттар сапындағы біздің шаруашылығымыздың да қолы салбырап қалған. Қаншама құрылымдық өзгерістер жасағанымызбен, экономикалық тұрғыдағы айта қаларлықтай қайтарым жоқ. Қарызданып қауғаланған күзгі жиын-теріміміз не беретіні белгісіз. Шілденің шіліңгірінде ауыл құрылтайға жиналды. Тайлы-тұяғы қалмады деуге болады. Жиналыс ұзаққа созылмады. Мәселе айқын еді. Жұртшылық маған қаратып «Баста» деді. Жауапкершілігі шектеулі жаңа серіктестігіміздің атауы «Бастау» болды. Дәл сол жылғы желтоқсанда армандаған Тәуелсіздігіміз жарияланды. Бұл барша халқымыздың, біздің «Бастаудың» қадамын тіктеген алақай қуаныш еді».
Адамның ашылатын кезі болады. Темкеңнің күлім көзі нұрланып, ашаң жүзі шырайланған сайын әңгімесі де шұрайланып барады. Өзі осы маңайдың тумасы екен. Қаппас атай мен Серкебай ананың (ырымшылмыз ғой) бес ұлының кенжесі. Мектептен кейін Солтүстік флотта қызметін өтепті. Осы «Красная заря» колхозына Целиноград ауыл шаруашылығы институтының 1977 жылғы жолдамасымен келген. Еңбек кітапшасында бір-ақ жазу бар. Бөлімше мал дәрігерінен бастап колхоз басқармасы төрағасының орынбасары дәрежесіндегі өмір жолынан өткен.
«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, мұнда алтын ұя – ауылды аялау ең басты парыз саналатыны көрініп тұр. Көкорайға малынған көшелер асфальтталған, түнгі жарық самаладай жарқырайды. Заманауи ғимараттардың жанындағы тың кезінде бой көтерген үйлердің өзі сырын бермеген. Мұндағы тұрғын үйлердің бағасы өзге аймақтарға қарағанда біршама жоғары. Ауылдың тартымдылығын әлеуметтік нысандарға жасалып жатқан қамқорлықтан да байқайсыз. Мәселен, серіктестік жергілікті мектепке жаңа асхана салып беріп, оқушылардың барлығын тегін тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Шаруашылықтың ыстық-суығын көтерген ардагерлерге құрмет өзгеше. Той-томалақ та көп. Елдің қызығы, басқа да жағдайлар шаруашылықтың араласуымен өтеді. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 95 мың теңгені құрайды. Бұл «Бастаудың» берекелі жолда екендігін дәлелдейді.
Осы жерде директор әңгіме желісін басқа арнаға бұрып жіберді. Ол көптеген ауылдардың берекесі кетуін мал мамандарының жоқтығынан көретін сыңайлы. «Мал дәрігерлері жайлы «Егемен Қазақстан» газеті жақсы мақала жазды, дейді Темкең. Өзекті мәселеге байланысты республикамыздың түкпір-түкпірінен үнқосулар берілді. Онда айтылған пікірлерге мен де қосыламын. Біз ветеринария факультетін 130 бала бітіріп едік, бүгінгі күні мамандығымен жұмыс істейтіндер үш-төртеу ғана. Қазір уақыт өзгерді. Шаруашылықтар мен жеке меншікте мал басы өсті, оларды бағып-қағу ғана емес, кеселден сақтау, тектік құрамын жаңарту, асылдандырусыз табысқа жету қиын. Бұл – білікті маманның қолымен жасалатын тірлік. Мемлекет бұл орайда тиісті шаралар қолданып жатыр. «Бизнестің жол картасы-2020», «Серпін» бағдарламасы, «Дипломмен – ауылға!» қозғалысы игі мақсатты көздейді. Бірақ дәл қазіргі кезде нақты әрекеттер керек. Ең алдымен, оқу орындарының білім беру сапасын көтеру қажет. Содан кейін ЖОО-лардың жолдамасына қайта оралып, түлектерді кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеген дұрыс. Әрине, тиісті жағдай жасалатыны айтпаса да түсінікті. Тәжірибе жинақтауда ұстаздық қамқорлықтың маңызы жоғары. Мен шаруашылық ісінің шебер ұйымдастырушылары, колхоз басқармасының төрағалары Төлеген Қамбатыровтың, Леонид Райнгольдович Шиманның тәрбиесінде болдым. Біз серіктестік есебінен жергілікті мектеп түлектерін оқытып жатырмыз. Бітіріп келгендеріне міндетті түрде ұстаз-тәлімгер тағайындаймыз. Бірақ, бүгінгі абыройлы мамандар ертең-бүрсігүні зейнетке шығады. Бізге ізбасарлар керек. Тағы бір айтарым, толып жатқан семинарларға басшыларды ғана шақырады. Мұнда да ойланатын жайлар бар. Мен білімім тасып тұрғандықтан емес, өзгелердің танымы кеңейсін деген ұстаныммен жас мамандарды жіберемін. Сол кезде жоғары жақтан бірінші басшы неге келмеді дегендей қоңырау түсіп жататынына түсінбеймін», дейді Темірхан Мұқышев.
Мұндайда өзіне қатыстыдан тереңірек ойлайтын сұхбаттасымызды негізгі тақырыпқа қақпақылдай берудің жөні жоқтығын білгенімізбен, Тәуелсіздік перзенті саналатын «Бастаудың» табысты жолын сөз етуді құп көріп отырмыз. Сөйтсе де, Темкең «Біздерде мыналар бар, мыналар бардан» емес екен. Оның үстіне, өндірістік мәселелер бойынша облыстан ба, ауданнан ба, арасында алыс-беріс әріптестерден бе, әйтеуір, телефонның шылдыры көбейе бастады. Жалпы, шаруашылық негізгі екі бағытты: егіншілік пен мал шаруашылығын озық технологияға мейлінше бағыттап отыр. Біз осы салаларға жауапты орынбасарлардың кабинетіне қарай ойыстық.
Мерекелі жылдың маржан дәні
Бас агрономдықты қатар алып жүретін Қайыркелді Ербалин алғашында серіктестіктің қарауында 14 мың гектар егістік болса, қазір 36 мыңға жеткенін айтады. Әртараптандыру мақсатында 5 мың гектарға күнбағыс, 3 мың гектарға зығыр егіліпті. Екпе шөптің көлемі де сұранысқа сай. «Не ексең, соны орасың» дегендей, «бастаулықтар» тұқым шаруашылығына айрықша мән береді. Өзгеден сатып алмайды. Шортандыдағы егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен дәстүрлі байланыс диқаншылықтың орайын келтіріп тұрғандай. Оны Қ.Ербалин соңғы бес жылда гектар түсімділігі 16 центнерден төмен түспегенімен дәлелдеп отыр. Биыл да әбден өңделген алқапқа институт патентіндегі бидайдың «Ақмола-2», «Астана», «Шортанды-95», арпаның «Арна», «Бітік» аталатын тұқымдары себілген. Аталған қор Германияның «Пенкус» фирмасынан алып келінген жабдықтармен сұрыпталып, жоғары өнгіштік деңгейге жеткізілгені компьютерлік базада рет-ретімен тіркелгенін көрдік. Нәтиженің салмақтылығы осыдан.
Биыл «Бастау» ЖШС орақ науқанын ерте бастап, ерте аяқтады. Арпаның әр гектары 22 центнерден, сұлы 27 центнерден өнім беріпті. Негізгі дақыл – бидай 18 центнерден қызыл дән шашқан. Бұл – аудан, облыстағы жоғары көрсеткіштің бірі. Бізге, салыстырмалы түрде, былтырғы көрсеткіш деректері ұсынылды. Өткен жылы шаруашылық 26,9 мың тонна бидай, 1300 тонна арпа, 2500 тонна майлы дақылдар мен 3300 тонна екпе шөп өнімін жинаған екен. Ал қарапайым есепке салсақ, 2016 жылдың берекесі анағұрлым артық екендігіне қанығамыз.
Мамандар егін орағының екпінді қарқынмен жүргізілуін «John Deere», «Claas», «Вектор» и «Есіл» сияқты кең алымды 35 комбайнның толық қуатында жұмыс істеуімен байланыстырады. Өзара жарыстағы Қанат Ақылбаев пен Владимир Симанков басқаратын трактор егіс бригадалары биыл да сенім биігінен көрінді. «Егемен Қазақстаннан» журналист келді деген соң, бригада жетекшілері озат механизаторлардың еңбегін атап өтуді өтінді. Олардың қатарында Жанат Қалиевтің, Темір Пішеновтің, Қадырбек Жатаевтың, Жасқайрат Шойынбековтің, Талғат Мұқановтың, Иван Баранниковтың, Аманбек Самраттың есімдері аталып жатты. Тағы басқа озаттардың тізімі қолымызға ұстатылды. Бұған Сергей Олейник меңгерушілік ететін қырман жұмысшыларын қосыңыз. Бізді ерекше сүйсінткені, Хит дейтін фамилияның жеті рет, Болождың үш рет қайталануы еді. Өйткені, механизаторлар әулетінің көптігі «Бастаудың» әлеуеті жоғарылығын, ауыл тіршілігінің жаймашуақтығын, ынтымақ-берекенің толымдылығын айқындайды.
Осы ретте, мына бір жағдайды айтқымыз келеді. Шаруашылықтың жыл он екі ай бойғы жұмысында жап-жаңа 12 «Кировец» тракторы жүйткіп жүр. Жұрттың бәрі есік пен төрге сыймайтын шетелдік техникаларға құмартып жатқанда, «Бастаудың» мұнысы несі дейсіз әуелде. Темірхан Қаппасұлы осыдан үш-төрт жыл бұрын Санкт-Петербургте болған екен. Атақты зауытқа да бас сұғыпты. Сонда майы кеппеген тракторлар тізбесіне қайран қалады. Бұл тракторлар Қазақстан жағдайына өте ыңғайлы және ресурстық қуат-қарымы 30 жылға жарайды. Арзан әрі қосалқы бөлшектерге қол жеткізу қиындық түсірмейтін техниканың 12-сіне келісімшарт жасалады. Мұның өзі шаруақорлық пен тиімділіктің бір көрінісі ретінде өзін ақтап отыр.
Басты көрсеткіш – асылдандыру мен экспорт
«Бастаудың» атын шығарып тұрған сала – мал шаруашылығы. Мұны серіктестіктің бас мал дәрігері Гайдар Қоспаевтың көтеріңкі көңілдегі әңгімесінен байқауға болады. Мұнда тек қана асыл тұқымды еттік бағыттағы төрт түліктің бәрі өсіріледі. ЖШС 2011 жылдан бастап бір мезетте 5000 бас ірі қараны бордақылауды көздейтін инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Оның тең жартысы аналық мал болмақ. Қазіргі күні қазақтың ақ бас сиыры мен Америкадан алып келген абердин-ангус тұқымын қосқанда ірі қара саны 4100 басты, жабайы тұқымды жылқылар 1600 басты құрайды. Шаруашылық Солтүстік Қазақстанда асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін бірден-бір заманауи кәсіпорын. Құйрықты қой саны өткен жылдарда 10 мыңға жетіп, 4 мыңы сатылған. Түлік жергілікті жағдайда толық қолдан ұрықтандырылады.
– Біз жұмыс орындарын ашу үшін алғашында жергілікті тұрғындардан ақ бас сиырларды сатып ала бастадық, – дейді Гайдар Қайроллаұлы. Қазір 8 бұзау қорасы, жаңа үлгідегі 4 қысқы қоражай бар. Қасапхана мен ет өңдеу цехын салып алдық. Фермада 12 маман, 80 малшы жұмыс істейді. Ендігі жерде өндірістік табыс жөнінде де ауыз толтырып айтатын жағдайға жеттік. Ол барлық түлік санының өсуімен байланыстырылады. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 60 мың тонна ет экспорттау туралы тапсырмасы бірінші кезектегі назарда ұсталады. Біз былтыр 40 тонна өнімді Қазақстан аймағы мен Ресейге шығарсақ, биыл да осы межеден көрінуге мүмкіндік бар.
Бас маман соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл өндірісін дамыту бағытында тиімді қолдау көрсетіліп отырғанын айтады. «Бастау» бағдарламалар шеңберінде, асыл тұқымды селекция үшін әр бас аналық малға 20 мың теңге субсидия алып отыр. Өткен жылы жалпы қаражат мөлшері 60 миллион теңге өтемді құрапты. Сондай-ақ, ет комбинатына өткізілген бірінші санатты 1 кило өнімге 300 теңге қосымша берілуде. Осының арқасында жыл басынан бері өткізілген ірі қара үшін 6 миллион, қойдан 4 миллион теңге қосымша қаражат түсіпті. Мұны өндірісті ғылыми жүйеде ұйымдастырумен де байланыстыруға болады. Алматыдағы мал шаруашылығы және жемазық өндірісі ғылыми-зерттеу институтының және «Бастауда» зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан Астанадағы С.Сейфуллин атындағы ауыл шаруашылығы университетінің профессоры Рашид Қазихановтың ұсынысымен аталық малдарды таңдау, іріктеу, өсіруге арналған арнайы база жабдықталыпты. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі дәстүрге айналған.
Шаруашылық 2012 жылы Қараөткел көрме-жәрмеңкесіне қатысып, жұрт назарын бірден өзіне аударған. Мұнда «Удав» атты қазақтың ақ бас бұқасы бірінші орын алды. Одан кейінгі жылдары да жүлдесіз қалған емес. Бас мал дәрігерінің айрықша мақтан тұтатыны Астанадағы «Ұлы Дала-2016» көрмесіне қатысып, сатып алушылардың ерекше сұранысына ие болған «Араб» дейтін бұқа екен. Мұнда герефорд тұқымды екі жасар бұқа 800 кило салмақ тартқан.
– Біз «Арабты» сатпадық. Бұл ойымызда да болған жоқ. Мәселе бұқаның түр-әлпеті мен салмағында емес. Оның генетикалық тегі, табынды толықтырудағы қарымы, бұзаулардың өсіп-жетілуі айрықша құнды. Бізде мұндай мал саны аз емес. Компьютерлік дерекқорынан бұлар туралы жан-жақты мағлұматпен таныса аласыздар, – дейді 35 жылдық еңбек өтілі бар мал дәрігері.
Ферма ұжымы мал қыстату науқанына әдеттегідей тыңғылықты дайындықпен кірісті. Қыстау басында жемшөптің бір жарым жылдық қоры жасақталған. Күні кеше іске қосылған мал азығын құнарландыратын жаңа цех тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Мұнда да көптеген озаттардың, Таутеков пен Ғаббасовтар әулетінің аты аталды. Бұл – кадрға деген құрмет пен қол жеткен табыстың оңайлықпен келмейтінін білдіретін баға. Қиындық демекші, жайылым мен шабындықтың тарлығы күрмеуі қиын мәселе болып барады екен. Нақтылай айтсақ, серіктестік еншісінде 19209 гектар жайылым мен 3066 гектар шабындық бар. Бір сиырға 8,5 гектар өріс керектігін ескерсек, 5000 ірі қара деп есептегеннің өзінде 40 мың гектардан астам аумақ қажет екен. Ал, «бастаулықтар» жазға салым сонау Қарағанды облысына дейін мал айдайды. Бұл орайда қисапсыз шығынды қоспағанда, асыл тұқымды малдың жағдайы ерекше алаңдататыны түсінікті. Жергілікті атқарушы органдар бұл туралы жедел шешімдер қабылдайды деген сенім білдіргіміз келеді…
Бізді күн еңкейе ЖШС басшысы Темірхан Мұқышев еңселі кеңсе алдынан шығарып салды.
– Ата-бабамыздың асыл арманы болған Тәуелсіздігіміздің әрбір күні біз үшін аса қымбат. Жаңарған, жасампаз Қазақстанымыздың 25 жылдығымен тұспа-тұс өркендеу қадамын бастаған шаруашылығымыздың мойнында еселі жауапкершілік бар. Мұны біз айрықша сезініп, мақтан тұтамыз. Бүкіл еліміз сияқты «Бастау» да алға жылжып, асқақ міндеттерге ұмтылуда. Болашаққа сеніммен қарайтын Қазақстанымыздың абырой-даңқы арта берсін, – деген тілек қосты ол.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы