26 там, 2021 сағат 13:35

Шу қаласында полиция тоқтатқан көліктен бір қап марихуана табылды


Шу қаласында екі тұрғыннан 12,5 келіден астам «кептірілген марихуана» тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

22 тамызда Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық ұланының № 5517 әскери бөлімімен бірлесіп, Шу қаласында ВАЗ-21015 маркалы автокөлікті тоқтатты. Көлікте 49 және 35 жастағы жергілікті тұрғындар болған. «Черныш» атты иісшіл иттің көмегімен автокөлікті тінту барысында полиэтилен қапқа салынған, жалпы салмағы 12,5 келіден асатын «кептірілген марихуана» табылып, тәркіленді. 

«Ұсталғандар кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде есірткі құралын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған қылмысты жасағаны үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деді Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.