10 жел, 2021 сағат 13:48

ШҚО-да заңсыз айналымнан 20-ға жуық қару тәркіленді


Шығыс Қазақстан облысында заңсыз айналымнан 20-ға жуық қару тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары 5 желтоқсаннан бастап өңір аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасын өткізіп жатыр. Соның барысында 5 800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 

«Оның ішінде 860 ұсақ бұзақылық, 1 043 қоғамдық орындарда мас күйде жүру фактісі тіркелді. Полицейлер жалға берілетін 720 пәтер мен есепте тұрған 4 200-ден астам адамды тұрғылықты жері бойынша тексерді. Есірткі заттарын сақтаған 7 адам ұсталды», - делінген ақпаратта. 

Бұдан бөлек, заңсыз айналымнан 19 қару тәркіленді. Мәселен, Ұлан ауданының 39 жастағы тұрғынның үйінде жатын бөлмесінен 16 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық табылған. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.