12 қар, 2021 сағат 17:08

ШҚО-да мемлекетке 900 млн теңге залал келтірген қылмыстық топ мүшелері сотталды


Шығыс Қазақстан облысында мемлекетке 900 млн теңге көлемінде залал келтірген қылмыстық топ мүшелері сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттік 2020 жылдың басынан бастап «Стоп-обнал» жедел-алдын алу шарасы аясында жалған шот-фактура жазып беру және қаражатты криминалдық қолма-қол ақшаға айналдыру бойынша қызмет көрсететін 105 әлеуетті топты анықтады.

Бүгінгі таңда топ мүшелеріне қатысты 490 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды, оның ішінде 28 іс ұйымдасқан қылмыстық топ құру дерегі бойынша қозғалды.

«Агенттіктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті Я.Москвина, К.Дайырбаев және Ф.Романовтар ұйымдастырған қылмыстық топтың жолын кесті. Олар жалған фирмалардың атынан мәміленің жалпы сомасының 2-ден 6%-на дейінгі мөлшерде сыйақы алу үшін жалған бухгалтерлік құжат жазып берумен айналысқан. Мемлекетке келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 900 млн теңгеден асады», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәлімдеуінше, қылмыстық топ мүшелері 5 жылға бас бостандығынан айырылды.