07 қаз, 2021 сағат 12:09

ШҚО-да мемлекетке 10 млрд теңге зиян келтірген қылмыстық топ ұсталды


Қаржы мониторингі агенттігі мемлекетке 10 миллиард теңгеден астам шығын келтірген қылмыстық топты анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаржы мониторингі агенттігі ақшаны заңсыз жылыстатуға қарсы белсенді күресті еліміздің барлық аумағында жүргізеді.

Агенттік мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департамент жалған шот-фактураларды заңсыз жазып берумен айналысатын қылмыстық топқа қатысты істі аяқтады.

"Тергеу барысында алты адамнан тұратын топ 2014-2018 жылдар аралығында 30 қолма-қол ақша фирмасын құрып, облыс аумағында заңсыз қызмет атқарған. Фирмалардың қызметкерлер штаты да, мүлкі де, қойма, үй-жайлары да, өндірістік-техникалық базасы да болмаған, олар белгіленген мекенжайда орналаспаған", - делінген хабарламада.


Номиналды басшылардың ешқайсысы қаржы-шаруашылық қызметпен айналыспаған. Фирмаларда бухгалтерлік есеп және салық есебі жүргізілмеген.

Іс жүзінде кәсіпорындар салық төлеуден жалтару мақсатында «Рич Ресурс», «Тұмар ВКО», «Вос-Торг 1» компанияларымен тауарсыз шот-фактураларын, жүкқұжаттарын, шарттарын заңсыз жазып беру үшін пайдаланған.

Мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы - 10,8 миллиард теңге.

Сот үкімімен топ мүшелері – Закир Исламов, Максим Александров, Олеся Гаськова, Ербол Уәлиев, Еркен Ануаров, Арман Маданов түрлі жылдарға бас бостандығынан айырылды.